Ербол Қарашөкеев Қордай ауданындағы маңызды жобалардың іске асырылу барысын тексерді

0 2

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен Қордай ауданына барды. Аймақ басшысы агроөнеркәсіп кешені мен әлеуметтік инфрақұрылым және денсаулық сақтау нысандарын аралап, олардың жай-күйімен танысты.

Ең алдымен Ербол Қарашөкеев Масаншы ауылындағы «GreenWill» ЖШС-ның жылыжай кешенін аралады. Жалпы ауданы 11 гектарды құрайтын шаруашылықтың 4 гектары жылыжайға арналған. Негізгі өнім түрі – «Умагна F1» қызанағы мен қияр.

Биыл бақшадан 300 тоннаға дейін өнім жиналады деп күтілуде. Көкөністер аудан аумағындағы дүкендер мен сауда орындарына жеткізіледі. Қазіргі таңда мұнда 20 қызметкер жұмыс істейді.

Келесі кезекте облыс әкімі «Щенхо» шаруа қожалығы аумағында салынып жатқан 1 000 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңының құрылысымен танысты.

Өтеген және Қайнар ауылдарында облыс әкімі «Таң», «Азиз» шаруа қожалықтарының пияз және қант қызылшасы алқаптарын аралап, дихандармен кездесті.

Ал Сарыбұлақ ауылында 250 гектар аумақта жүгері дақылына тамшылатып суару технологиясын енгізген «Нөсер» шаруа қожалығының жұмысын бақылады.

Аграрлық сектор өкілдерімен кездесу барысында ең өзекті мәселелердің бірі – суармалы судың жетіспеушілігі көтерілді.

Өз кезегінде облыс әкімі аудан басшылығына су ресурстарын ұтымды пайдалануға қатысты кешенді тәсіл әзірлеуді тапсырып, тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын енгізу мен агроөнеркәсіп саласындағы процестерді цифрландырудың маңыздылығын атап өтті.

Ауданда су үнемдеу технологиялары мықтап қолға алынуда. Мәселен, Қайнар ауылында 3 800 гектар аумақты қамтитын суару жүйесін кеңейту жобасы іске асырылып, шаруаларға су уақытылы әрі толығымен үлестірілген.

Жоба аясында жылдық қуаты 5 млн текше метр болатын үш су сорғысы бар станция орнатылған. Ұзындығы 8 шақырымды құрайтын қысымды су құбыры судың шығынын азайтып, егістік алқаптарды тұрақты сумен қамтуға мүмкіндік береді.

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі білім беру нысандарының құрылыс барысын да бақылап шықты.

Қаракемер ауылында 300 орындық «Жайлы мектептің» құрылысы аяқталған. Нысанды жаңа оқу жылы басталғанға дейін пайдалануға беру жоспарланған. Ал Қарасу ауылында дәл осындай мектептің құрылысы кестеден кешігуде.

Облыс әкімі құрылыс сапасына баса назар аударып, нысанды белгіленген мерзімде толығымен аяқтап, пайдалануға берілу қажеттігін қатаң ескертті.

Сонымен қатар аудан әкімдігі мен құрылыс басқармасына барлық кезеңдерді, оның ішінде абаттандыру мен инженерлік желілерге қосу жұмыстарын қатаң бақылауда ұстау керектігін тапсырды.

Сортөбе ауылында Ербол Қарашөкеев бір мезгілде 200 адамға дейін қабылдай алатын жаңа амбулаторияның жұмысымен танысты.

Жұмыс сапары аясында аймақ басшысы Гвардейск қалашығына да арнайы барды. Ербол Қарашөкеев «OtarBioPharm» биофармацевтикалық зауытының жұмысымен танысып, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының жетекші мамандарымен кездесті. Мамандар вакцинология, биоқорғаныс және биотехнология бағытындағы ғылыми жаңалықтармен бөлісті.

Аймақ басшысы ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығы ел қауіпсіздігі мен денсаулық сақтау саласының негізгі тірегі екенін атап өтіп, қызметкерлердің еңбегіне жоғары баға берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.