Қала тазалығы назардан тыс қалмайды

0 4

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті.

Жиында алдымен «Әулиеата» ауданының әкімі Барлық Төреханов аталған ауданның ауыз су және санитарлық тазалық мәселелері туралы баяндады.

Аудан бойынша есепті кезеңде барлығы 16 сенбілік ұйымдастырылып, оларға 15 000-ға жуық адам қатысып, 50-ге жуық техника тартылды. Бұл сенбіліктер барысында 16 шақырым арық жүйесі тазартылып, 180 шақырымға жуық қала көшелері қамтылған. Сондай-ақ 288 030 шаршы метр аумақты қамтитын саябақтар мен қоғамдық орындар тазаланып, 1 800 тонна күл-қоқыс қала аумағынан тыс арнайы орындарға шығарылған. Сонымен қатар, аудан әкімдігінің қызметкерлері күнделікті жұмысының бір бөлігін аудан аумағын аралау, тазалау жұмыстарына арнайды.

Бұдан кейін «Жібек жолы» ауданы әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан Олжабаев аталған ауданның ауыз су және санитарлық тазалық мәселелеріне тоқталды.
Қала әкімінің қаулысымен жарияланған санитарлық тазалық айлығы аясында аудан аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен көшелерінде тазалық жұмыстары жүргізіліп, қураған ағаш жапырақтары мен бұтақтары жиналып, жаяу жүргіншілер жолдары тазартылып, 50 748 тоннадан астам қоқыс арнайы техника көмегімен шығарылған. Сонымен бірге, 8 шақырымнан аса арықтар мен каналдар жүйелері тазартылған.

Келесі кезекте Тараз қаласы білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова 2025-2026 оқу жылына дайындық жұмыстарының барысын баян етті.

Шаһар басшысы өз кезегінде қала тазалығын тұрақты бақылауда ұстап, бұл бағыттағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыру қажеттігін айрықша атап өтті.

Кеңесте бұдан бөлек 2025 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысымен Тараз қаласы бюджетінің орындалуы, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамды көрсеткіштері, мемлекеттік сатып алу конкурстарының өткізілу барысы, қаладағы автокөліктерді жуу орындары, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, жергілікті уәкілетті органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген топтарына әлеуметтік көмек көрсету үшін қосымша санаттарды енгізу, көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеу және құрылыс жұмыстарының барысы секілді маңызды мәселелер жан-жақты қаралды.

Жиынды қорытындылаған Бақытжан Әмірбекұлы күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша бөлім басшыларынан есеп алып, нақты тапсырмалар жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.