Ағымдағы жылдың 17 қыркүйегінде қаламыздағы Достық үйінде «Қоғамдық келісім» РММ ұйымдастыруымен ҚХА 30 жылдығына арналған «Этносаралық коммуникацияларды дамытуға және этностарды интеграциялауға бағытталған іс-шаралардың тиімділігін бағалау және жүргізу тәсілдері» тақырыбында екі күндік семинар-тренинг басталды. Еліміздің барлық өңірінен семинарға қатысуға келген этномәдени бірлестік басшылары мен өкілдеріне ең әуелі көне Тараз қаласының тарихи және мәдени орындарына экскурсия жасалып, қала мәдениеті жақынырақ таныстырылды.
Ал, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан шарада ҚР МАМ ЭҚДК «Қоғамдық келісім» РММ-ның ЭМБ-мен өзара іс-қимыл басқармасының басшысы Елдос Жұмағұлов модераторлық етіп, облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары, ҚХА хатшылық меңгерушісі Қуаныш Мамашев алғы сөзін арнады.
Семинар-тренингтің негізгі мақсаты – ЭМБ өкілдерінің әртүрлі қызмет салаларындағы азаматтармен тиімді өзара іс-қимыл жасау әдістерімен тәжірибе алмасу, сондай-ақ этносаралық коммуникацияларды дамытуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру арқылы этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту болатын.
Жиынның алқашы күні этномедиация саласының сарапшысы, А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің аға оқытушысы Руслан Тоқатов «Қоғамдық келісімді нығайту жұмысының инновациялық нысандары: бағалау және нәтижелер» тақырыбында семинар өткізіп, медиация бағытындағы заманауи әдістер мен тәжірибелерді ортаға салды.
Мұндай семинарлар этносаралық татулықты сақтауға және ұлтаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
Ел көлеміндегі этнос өкілдерін қамтыған семинар-тренинг ертең де өз жалғасын табатын болады.