Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды. Сондықтан айрықша маңызға ие Еңбек күнінің мақсаты осынау құндылықтарды құнттау, еңбекқор азаматтардың беделін көтеру, өнімді еңбек етуге ынталандыру екені сөзсіз.
Қазақстанда жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде Еңбек күні аталып өтеді. Бұл мереке 2013 жылы Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру идеясын нығайтуға негізделген болатын. Биыл атаулы күн Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтарының жылымен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан бұл мерекенің маңызы бұрынғыдан да арта түскені анық.
Ел Президенті биыл Қазақстан халқын Еңбек күнімен құттықтауында «Жұмысшы мамандықтары жылында біз адал әрі қажырлы еңбегімен еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жатқан сан алуан кәсіп иелері мен түрлі буын өкілдеріне және еліміздегі барша еңбеккер қауымға сый-құрмет көрсетеміз.Мен еліміздің құндылықтары мен мақсаттарына зор сеніммен қарап, қастерлі Отанымыз үшін аянбай еңбек етіп жүрген, әрдайым кәсіби шеберлігін шыңдап, өндірісте жоғары көрсеткішке қол жеткізуге ұмтылатын және әр істе алғырлық пен жаңашылдық танытатын отандастарымызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Біз қоғамда адал еңбекті кеңінен дәріптеп, өскелең ұрпақты еңбекқор етіп тәрбиелей отырып, Қуатты әрі Әділетті Қазақстанның мызғымас негізін қалаймыз», – деген болатын.
Еңбек күніне орай күні кеше Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары мен сала мамандары қатысты.
Ең әуелі шаһар басшысы жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері қойылған көрмені тамашалап, мереке иелеріне ізгі тілегін білдірді. Қала әкімі өз сөзінде жұмысшы мамандардың қоғамдағы айрықша орнына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар, осы үш – таған озық әрі табысты елге айналудың басты кілті екенін атап өткен еді. Бүгінгі таңда сіздердің түрлі салаларды дамытуға белсене атсалысуларыңыздың арқасында еңбекке деген көзқарас жаңа деңгейге көтерілуде.
Айталық, биыл Тараз қаласында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын 5 223 түлек аяқтаса, 1 180 түлек жұмысшы мамандықтар бойынша білім алды. Оның ішінде 521 маман жұмыспен қамтылып отыр. Сондай-ақ жыл басынан бері әр тоқсан сайын қаламызда «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» ұйымдастырылып, 75 адам еңбекке тартылды.
Сонымен қатар техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларға, шаһарымыздағы 50-ден астам кәсіпорын мен мекемеден дәнекерлеуші, кран машинисі, жылу желілерінің жабдықтарын жөндеуші және құрылысшы мамандарына деген сұраныс артып отыр, – деген Бақытжан Әмірбекұлы бірқатар еңбек адамына «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен қала әкімінің Құрмет Грамотасы және Алғыс хаттарын табыстады .
Шара соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен түйінделді.