«Мың бала» республикалық жобасының облыстық кезеңі өтті

0 3

Биылғы жылдың 21-қазаны күні «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының облыстық кезеңі өтті.

Аталған шараға облыс көлемінен этнос балалары, ұстаздар, жас өнерпаздар және БАҚ өкілдері қатысты.
Бәсекенің басты мақсаты – этностар жастарын мемлекеттік тілді үйренуге тарту арқылы қазақстандық бірегейлікті дамыту және елдің бірлігін нығайту, сондай-ақ жастарды қазақ халқының ұлттық және рухани құндылықтарына баулу.
Мемлекеттік тілдің мерейін үстем етер жоба жастарды патриоттыққа тәрбиелеу және балалардың бойына кітап оқу мәдениетін, қазақ әдеби тілі мен поэзиясын меңгеруге қызығушылықты, этностардың мемлекеттік тілді меңгерген жас өкілдерін айқындап, оларға қолдау көрсетуді көздейді.
2025 жылғы тұжырымдама негізінде жоба үш бағытта жүзеге асырылды. Соның бірі «Өнерлі өрге жүзер» музыкалық байқауы. Этностар жастары қазақ халқының музыкалық өнеріне қызығушылығын арттыруға арналған бәсеке композитор, күйші, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай өткізілді. Оқушылар арасында өткен облыстық сайысқа жас вокалистер, домбырашылар мен қобызшылар қатысты.
Қатысушылардың өнеріне әділ баға берген қазылардың құрамында Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әртістері, Нұрлатбек Азимбаев пен Гүлназ Қали және «Қоғамдық келісім» мекемесінің «Көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру» бөлімінің басшысы –Біржан Уксикбаев болды.
Екі кезең бойынша ұйымдастырылған байқаудың алғашқысында өнерпаздар өздері дайындалып келген әндерін айтып, аспаптарда орындаушылық шеберліктерін көрсетті. Ал екінші кезең Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналды.
Қазылар шешімімен байқау қорытындысы бойынша Меркілік Альфина Рустемова – І орынды, қалалық kz_galamat домбыра мектебінің оқушысы Нұрсұлтан Шариопов – ІІ орынды, Тараз қаласының білім бөлімінің оқушылар сарайы КММ оқушысы Гаухар Акименко — ІІІ орынды иеленді.
Айта кету керек «Өнерлі өрге жүзер» өңірлік музыкалық конкурсының жеңімпаздары республикалық кезеңге шақырылатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.