21-қазан күні «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы аясында Инновациялық әдістемелерді қолдана отырып, қазақ тілін оқыту бойынша мобильді қосымшалар, бағдарламалар әзірлеуге жарияланған бәсекеге жалпы облыс көлемінен сегіз үміткер қатысты.
Конкурс ұстаздардың балаларға қазақ тілін жеделдетіп үйретуге ықпал ететін инновациялық идеяларды ынталандыруға арналған.
Сайысқа қатысушыларға төрелігін айтып, шынайы бағасын беретін әділ-қазы мүшелердің қатарында Тараз өңірлік университетінің құрметті профессоры, доцент, «Филология ғылымдарының кандидаты» — Сейсегүл Исматова, аймақтық айтыскер ақын, журналист, облыстық «AQ JOL» газетінің бөлім меңгерушісі — Есет Досалы және «Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы» «Тілдерді оқыту орталығы» ғылыми-әдістемелік бөлімінің әдіскері- Гүлмира Нишанова болды.
Педагогтардың жұмысымен танысып, олардың қыр сырына қаныққан қазылар алқасы І орынды — Т.Рысқұлов ауданынан келген Жанерке Есмағанбетоваға, ІІ орынды — Жамбыл ауданынан келген Забида Мирзаева және №18 орта мектебінің ұстазы Айбиби Усенкуловаға, ІІІ орынды – А.Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназияның мұғалімі Лаура Ромашева иен меркілік Жанар Сексенбаеваға табыстады.
Жиын соңында тіл меңгеруде ерекше әдіс- тәсілі мен тиімді тұстарын пайдаланған тапқыр ұстаздарға қазылар тарапынан алғыс айтылды.