Ербол Қарашөкеев сарысулықтардың талап-тілегін тыңдады

0 5
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Сарысу ауданының тұрғындарымен жүздесті.
Кездесу Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудандық мәдениет үйінде өтті. Басқосуда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен өтініш-тілектері тыңдалды.
Облыс әкімі ел Президентінің халық игілігін көздейтін басым бағыттары аясында өңірде жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
– Мемлекет басшысы «Әулиеата – нағыз еңбекқор адамдардың мекені» деп атап өткендей, татулықты ту еткен тұрғындардың қажырлы еңбегінің арқасында Жамбыл облысы даму жолына нық қадам басты. Алдымызда маңызды әрі жауапты міндеттер тұр. Басты мақсат – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейдегі әкімдермен бірлесе отырып, жүйелі түрде жүзеге асырылатын болады, – деді Ербол Қарашөкеев.
Бұдан соң Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов пен оның орынбасарлары атқарылған жұмыстар мен бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады.
Есептерді тыңдаған өңір басшысы Сарысу әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары аудандардың бірі екенін атап өтіп, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді айқындап берді.
Сонымен бірге халықты көгілдір отынмен және сапалы интернетпен қамтуды жеделдетуді тапсырды. Бұдан бөлек, полиция бөліміне «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыру бойынша жұмыстарды күшейтуді ескертті.
– Әлеуметтік желілерде жарияланған өтініштер мен пікірлерді жеке өзім тұрақты түрде бақылап отырамын. Күн сайын маған облыс тұрғындарынан 100-ден астам өтініш келіп түседі. Соның ішінде аудандық орталық аурухананың жұмысына қатысты сыни пікірлер де бар.
Осыған байланысты денсаулық сақтау басқармасына орталық ауруханадағы ұйымдастырушылық жұмыстарды жан-жақты қайта қарап, қызметті тиімді үйлестіруді тапсырамын. Пациенттермен қарым-қатынас мәдениетін арттыру мақсатында медицина қызметкерлерімен жүйелі әрі нақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Алдағы уақытта аталған мәселелер бойынша шағымдар қайталанбайды деп сенемін, – деді облыс әкімі.
Негізгі баяндамалардан кейін тұрғындарға «Ашық микрофон» форматында сөз берілді.
Сарысулықтар Талас өзенінің суын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылым және шабындық жерлерге жеткізу, су арналарының тазалығы, ауызсудың сапасын жақсарту, шалғай ауылдардағы жолдарды орта жөндеу, жас мамандарға көтерме және үстеме ақы төлеу, жалақы мәселелері, әлеуметтік дүкен ашу, сондай-ақ өндіріс орындарының экологияға әсері секілді бірқатар өзекті мәселені көтерді.
– Тұрғындарды толғандырған мәселелер назардан тыс қалмайды. Айтылған әрбір ұсыныс пен пікір алдағы жұмысымызда ескерілетін болады, – деп түйіндеді өңір басшысы.
Кездесу соңында облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, көтерілген түйткілдерге қатысты нақты жауаптар берді.
Айта кетейік, 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі әкімдер 632 кездесу өткізді. Оған 32 мыңнан астам тұрғын қатысып, 1 981 түрлі сұрақ пен ұсыныс көтерілді. Бүгінгі күнге дейін көтерілген 1 981 мәселенің 912-сі оң шешімін тапса, 524-іне түсініктеме берілді, ал қалған 545-і бақылауға алынды.
Leave A Reply

Your email address will not be published.