Жамбылда ирандық комбайндар құрастырылады

0 0

Өңірдегі өндіріс саласының әлеуетін арттырып, жаңа кәсіпорындар ашу бағытында аймаққа шетелдік инвесторларды тарту жұмыстары жалғасуда. Тағы бір осындай келісім шарт Жамбыл облысының әкімдігі мен ирандық инвесторлар арасында жасалды.  Біздің облысқа қызығушылық танытқан ирандықтар Шу ауданында комбайндар жинауға ниетті.

2016 жылдан бері Бірлік ауылында «KazIrAgro» компаниясы суықтай сығылған сафлор майын өндіріп келеді. Аталған кәсіпорынның базасында енді «Iran Combine Manufacturing» фирмасының комбайн құрастыру цехы ашылатын болды. Ол іске қосылған кезде  жылына 20 комбайнға дейін  құрастырылады  деп жоспарлануда. Жобаның құны 1,5 млн. АҚШ доллары. Цехтың құрылыс жұмыстары жылдың сәуір-мамыр айларында басталып, тамыз айында іске қосылмақ.

Айта кету керек, мұндағы комбайндардың құны өзгелерге қарағанда әлдеқайда төмен болмақ. Бұл өз кезегінде ауылшаруашылығы өнім өндірушілеріне айтарлықтай көмек. Сонымен бірге, жұмысқа жергілікті халықтың 80 пайызы тартылады.

– Біз бір комбайнның бағасы шамамен 50 мың АҚШ доллары болады деп отырмыз. Бұл меніңше, жоғары баға емес. Әрине, алғашқы 1-2 жылдың көлемінде оны құрастыратын мамандарды оқытуымыз керек. Ол үшін арнайы мамандар келіп, жергілікті тұрғындарды оқытатын болады. Ал 3-ші жылы  жергілікті халықты 100 пайызға дейін қамтуға қол жеткізуге болады, – дейді «KazIrAgro» ЖШС бас директоры Хамид Алинагиян.

Аталған жоба ауылшаруашылығы техникаларын жаңартуға, сонымен бірге аймақтағы аграрлық тауар өндірушілерінің мүмкіншіліктерін арттыруға жол ашады. Алдағы уақытта да өңірге өзге елдерден инвестиция тарту жұмысы өз жалғасын таба береді.

Дереккөз: taraztv.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.