А. Мырзахметов Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барды

0 0

Облыс әкімі болып тағайындалғаннан бері салалық басқарма басшыларын қабылдап, Тараз қаласының тыныс-тіршілігімен танысқан Асқар Мырзахметов бүгін Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барды. Онда өңір басшысы аймақтағы өндірістік, әлеуметтік нысандарды аралап көріп, ондағы өзекті мәселелерді шешу жайына баса назар аударды.

Облыс әкімінің ауданға сапары әуелі қуаттылығы 50 мегаватт болатын Орта Азиядағы ең ірі күн электр станциясы «Бурное Солар-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен басталды. Мұнда Асқар Мырзахметовке аймақтағы энергияның қайта қалпына келетін түрлерін дамыту жайы баяндалды. Шетелдік инвесторлардың атсалысуымен жұмысын бастаған серіктестік күні бүгінге дейін жалпы құны 3,3 миллиард теңгені құрайтын 82,4 миллион киловатт электр энергиясын өндірген. 

Одан соң, өңір басшысы «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тыныс-тіршілігін көзбен көрді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын серіктестікте қазір 125 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Асқар Мырзахметов жауапты тұлғаларға серіктестіктің өз қаражаты есебінен басталған сүт тауарлы фермасының құрылысын мемлекеттік қолдау жолдарын қарастыруды тапсырды.

Сонымен бірге, аудандағы жұмыс сапары кезінде А.Мырзахметов «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының да техникалық жағдайымен танысты. Қазір таңда бөгетке 72 миллион текше метр су жиналған. Жалпы сыйымдылығы 145 миллион текше метр болатын су қоймасы қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді қажет етеді.

Келесі кезекте өңір басшысы Алатау ауылындағы 60 орындық №23 орта мектебінде болды. Бүгінде білім ошағында 105 оқушы білім алады. Оларға 25 мұғалім дәріс оқиды. Елді мекендегі бала санының өсуінен жаңа мектепті қажет етіп отыр.

Облыс әкіміне қысқы спорт түрлеріне арналған «Көксай» мен «Қаралма» тау шаңғысы кешендері құрылысы жүргізілетін орын таныстырылды. Мұнда бір мезгілде 3000-5000 адамға қызмет көрсететін демалыс орталықтары бой көтереді. Демалыс орталықтарында қыс айларында тау шаңғысы мен сноубордпен айналысуға мүмкіндік берілсе, жаз айларында велотуризм, жылқымен серуендеуге жағдай жасалады. 

Мұнан әрі облыс әкімінінің сапары «Ақсай-2016» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінде жалғасын тапты. Кооперативке ет бағыты бойынша 80, ет бағыты бойынша 51 шаруа қожалық біріккен. Қазір мұндағы ірі қара малдың жалпы саны 1350 басқа жеткен. Кооператив ашылғаннан бері 388 тонна өнім өнідіріп, 3 380 мың теңге субсидия алған. 

Облыс әкімі ауданға жасаған сапарында «Бурное сүт компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі жүйелі жұмыстарды да көзбен көрді. Негізінен табиғи ірімшік және сары май, жоғары температурада өңделген табиғи сүт өндіретін серіктестікте 62 адам жұмыс жасайды. Кәсіпорын өткен жылы 8300 тонна сүт, 584 тонна ірімшік, 162 тонна сары май және 4800 тонна жоғары температурада өңделген табиғи сүт өңдірген. 

Дәл қазіргі сәтте облыс әкімі Асқар Мырзахметов аймаққа сапарының қорытындысы бойынша аудан активімен қорытынды жиналыс өткізуде.

Мәлімет облыс әкімінің баспасөз қызметінен алынды

Leave A Reply

Your email address will not be published.