Байзақ ауданы әкімінің Рахматілдә Рахманбердиевтің төрағалығымен әкімдіктің кезекті мәжілісі өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Онда «Байзақ ауданының 2019 жылғы қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы» аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Дулат Жақыпбеков баяндама жасады.
Дулат Бекбосынұлы биылғы бірінші жартыжылдықта аудан экономикасының барлық саласында оң динамика қалыптасқандығын атап өтті.
Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 102,7 пайыз, негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 103,6 пайыз, құрылыс көлемі 110,3 пайыз, бөлшек сауда 182,5 пайызды құраған.Негізгі көрсеткіштер бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 2137,7 млн. теңгені, нақты көлем индексі 5,1 пайызға төмендегенін мәлімдеді.
Одан ары баяндамашы ауданның әлеуметтік- экономикалық дамуының ағымдағы жартыжылдықтағы қорытындыларына төрт бағытта талдау жасалғандығын жеткізді. Облыс әкімімен аудан әкімі арасындағы, облыс әкімдігінің басқармалары мен аудан және қала әкімдерінің арасындағы келісімдердегі түйінді индикаторлардың орындалу барысында қол жеткізілмеген межелерге тоқталды.
Баяндамадан кейін аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алтай Айдын және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Сағынбеков есеп берді. Бұдан соң аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов салалар бойынша алты айдың қорытындысын баяндады. Жамбыл облысы әкімі аппаратынан түскен хаттамалық тапсырмалардың, аудандық аппараттық кеңестер хаттамаларының орындалуы туралы аудан әкімі аппаратының басшысы Бақтияр Ақбаевтың хабарламасы тыңдалды.
Мәжілісте аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев межелерге қол жеткізе алмаған округ әкімдерін тұрғызып, себептерін сұрады. Бөлім басшыларын да жұмысты босаңсытқаны үшін сынға алып, жұмысты ширатуды тапсырды.
Сондай-ақ, аудан басшысы ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, инвестиция тарту, сүт бағытындағы кооперативтердің жұмысын үйлестіру, қосалқы шаруашылықты дамыту, ең бастысы — халықтың әл-ауқатын арттыру мен өмір сапасын көтеру бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігіне екпін салды.
Зерделеу барысында атаулы әлеуметтік көмек алушылардың арасында табысын жасырған отбасылар анықталғандығын, сондықтан көмекті аса мұқтаж отбасылар алуды назарда ұстау керектігін жеткізді.
Мәжілісте күн тәртібіне шығарылған мәселелер қаралып, әрқайсысы бойынша қаулы қабылданды.