Жамбыл облысында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 800 жасқа 404 млн. теңге бөлінеді

0 2

Жастар жылына орай «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы  шеңберінде жаңа бизнес идеяларды дамытуға республикалық бюджеттен 200 АЕК мөлшерінде 329 жасқа қайтарымсыз грант ретінде 166,1 млн. теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі күнге дейін 88 жас 44,4 млн. теңгеге грант алды. Алдағы уақытта осы мақсатқа 800 жасқа 404 млн.теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінбек. Бұл туралы ӨКҚ алаңында  Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш  Құрманбекова айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

«Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жастардың жаңа бизнес идеяларын іске асыру үшін 3 млн. теңгеге дейін мемлекеттік грант беруге облыстық бюджеттен 303 млн. теңге, республикалық бюджеттен 21 млн. теңге, барлығы 324 млн. теңге қаржы бөлінген.

Жастар кәсіпкерлігін қолдау мақсатында кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.

Атап айтқанда 15 мамыр – 3 шілде аралығында «Бизнес – бастау» жобасымен 437 жас кәсіпкерлік негізіне оқытылып, 50 жас  230,8 млн. теңге шағын несие алды.

Сондай-ақ, аталған грант бойынша  үстіміздегі жылдың 1-12 шілдесі аралығында конкурс өткізіліп, аудандар мен Тараз қаласынан ұсынылған 466 жастың жобалары қаралды. Комиссия шешімімен 158 жасқа грант бөлінді.

Айта кетейік, осы жылдың 24 шілдесінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Жас кәсіпкер» жобасы аясында тұрақты жұмыс орны жоқ жастар үшін қысқа мерзімді 1 айлық курс басталып, 450 жас оқытылуда. Курсты бітіріп, өз ісін ашам деген жастарға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы жеңілдетілген кредит немесе мемлекеттік грант алуға мүмкіндіктері бар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.