Тараздық батыр анаға жәрдемақы SMS арқылы тағайындалды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Баспасөз қызметінің мәліметінше, ендігіде көп балалы «Алтын алқа», «Күміс алқа» иеленген аналарға тиісті жәрдемақы проактив тәсілімен тағайындалатын болды. «Азаматтарға арналған үкімет» жаңа пилоттық жоба аясында 6-7 баласы бар әйелдерге еш құжатсыз-ақ керекті төлемдерді аударатын болады. Ең алғашқылардың бірі болып, «Күміс алқа» иеленуіне байланысты тиісті жәрдемақының тағайындалғаны туралы SMS-ті Умида Ахунжанова алды.
Тараз қаласында тұратын алты баланың анасы келген смс-терге оң жауап беріп, біршама уақытын үнемдегенін айтады. «Мұндай дүниенің іске қосылғанына таңмын. Бұл болмағанда, кішкентай балаларымды тастап, құжаттарды өткізіп жүретін едім. Бұл менің қаншама алтын уақытымды үнемдеді. Себебі мен үшін бөбектеріммен өткізген әр сағатым қымбат», — дейді ең алғашқы проактив тәсілімен жәрдемақы алған көп балалы Умида Ахунжанова. Жоба аясында Умиданың телефонына ең алдымен жәрдемақы алуға құқылысыз деген хабарлама келген, кейін жәрдемақы аударылуы тиіс есеп-шоттың нөмірі жолданған. Олардың дұрыстығына келісімін берген батыр анаға ең соңында жәрдемақының тағайындалғаны туралы смс келген.
Айта кетейік, қызметті алу үшін ұялы телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелуі тиіс. Көп балалы аналар награданы алу үшін жергілікті әкімдікке өтініш жазып, кейін оның тағайындалғаны туралы құжатты халыққа қызмет көрсету орталығына өткізетін. Бұдан бұлай ХҚО-ға барудың қажеті болмайды, қызмет автоматты түрде көрсетілетін болады. «Проактив — қазақстандықтардың құжаттарды ешқайда өткізбей-ақ, мемлекеттік қызметтерді алуына мүмкіндік беретін жоба. Бүгінде жас аналарымыз проактив аясында келетін смс-терге жауап беріп, баланың туу куәлігін жасатып, оның күтіміне байланысты жәрдемақыны рәсімдеп, балабақша кезегіне тұрып, сәбиді мекенжай тіркеуіне қоя алады.
Сондай-ақ осы проактивті түрде зейнеткерлікке шығу, мүгедектікті рәсімдеу қызметтері алдағы уақытта іске қосылады. Біз азаматтарымыздың өмірін жеңілдетіп, артық қағазбастылықтан арылтамыз. Бұл — мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматқа ауыстырудағы бірқатар бастамамыздың бірі», — дейді мемлекеттік корпорацияның басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева.