Жамбылдықтар Арыстағы жарылыстан соң ондағы халықтың «жабыққанына – жебеу, тарыққанына – демеу, сасқанына – сая» бола білді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сол сәтте еліміздің әр атырабынан арыстықтарға жан-жақты қолдау көрсетіліп, қиын сәтте жұрт болып жұмыла білетінімізді тағы бір дәлелдедік. Бұл ретте әулиеаталықтар да бар күш-қайратын салып, көрші отырған ағайынның ісіне білек сыбана кірісті.
Өңір халқының осы еңбегі бағаланып, ҚР Білім және ғылым министрі Асқат Аймағанбетов аймақ басшысына Алғыс хат жолдапты.
Онда арыстық балаларды өңірдегі лагерлер көптеп қамтығаны айтылған. Министр бүлдіршендердің жазғы демалысын ойдағыдай ұйымдастырғаны үшін жүрекжарды лебізін жеткізген. Айта кетер жайт, жамбылға жеткен 378 бала қызықты және мазмұнды сауықтырудан бөлек, қажетті киім-кешек пен жеке гигиеналық заттармен де қамтамасыз етілген болатын. Әрине, бұл мақтанатын дүние емес. Бірақ, «жарыссаң, жақсылық жасап жарыс» деген тағы бар.