Меркі ауданында жаңа оқу жылында Жамбыл облыстық Медициналық колледж есігін ашты. Директордың орынбасары Керімқұлова Назира білім ордасының материалдық-техникалық базасымен таныстырып, тыныс-тіршігін баяндап берді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Оңтүстік астанада Алматы медициналық колледжі көп жылдардан бері жұмыс істейді. Осыдан жыл бұрын Шу қаласында колледждің филиалы ашылған еді. Енді міне осы колледждің Меркі ауданында корпусы ашылып, жаңа оқу жылында 200 білімгерге тәлім беруде,-деп атап өтті Назира Керімқұлова.
Аудандағы медициналық колледж үш бағытта студенттерге білім беріп отыр. Олар: фармация, емдеу ісі, медбикелік іс.
Фармация факультетін бітірген азамат кез-келген дәріханаларда фармацевт, фармацевтикалық компаниялардың өкілі, маркетологы қызметтеріне жұмысқа тұруға мүмкіндік туады.
Емдеу ісін бітірген түлек фельдшер мамандығын алып шығады. Ол емханаларда, амбулаторияларда өз бетінше қабылдап, емдеу және тексеру жоспарын тағайындап, профилактикалық шараларды іске асыра алады. Колледжден соң біліктілігі мен білімін жоғары оқу орнында шыңдап, жалғастыруға мүмкіндік алады.
Медбикелік іс бөлімін бітірген студенттер дәрігерлік процестердің барлығының қыр-сырын меңгеріп шығады. Бұл колледжде оқыған балаларға әскери билет берілетіндігі көпті қуантатыны анық. Өйткені қазіргі уақытта көптеген ата-аналар балаларын әскери борышын өтеуге әскерге жібергісі келмейді. Онда болып жатқан келеңсіз оқиғалар халықты дүрліктіріп тұрғаны баршаға мәлім.
Соңғы кездері аудан тұрғындары арасында «Медициналық колледждің лицензиясы жоқ екен. Ертең балалар бітіріп шыққан соң диплом ала алады ма?»- деген сұрақтар шуылдап жүр еді. Бұл сұраққа қабылдау бөлімінің маманы Айнұр Ибрагим жауап берді. Өз сөзінде ол ешқандай да шу көтерудің қажеті жоқ, біздің тарапымыздан кеткен кемшілік білімгер мен колледж арасында келісім-шартқа уақтылы қолдың қойылмауы деп түсіндірді. Қазіргі уақытта келісім-шарттың мәтіні өзгертіліп, ата-аналарға осы бір-екі күнде таратылып беретіндігінф жеткізді. Осыған дейін ата-аналармен, білімгерлермен жиналыс өткізіп, түсіндірме жұмыстары жүргізіліпті де.
Колледжге 9-сыныптан соң келген бала үш жыл он ай оқиды. Төлемі 125 мың теңге. Ал 11-сыныптан соң келген оқушы екі жыл он ай бойы білім нәрімен сусындайды екен. Сонымен қатар мұнда медициналық білім алуға ниет білдірген 55 жасқа дейінгі азаматтар кешкі топта білім алуына жағдай жасалған. Кешкі топтың оқу уақыты 18.00-ден 21.00-ге дейін жалғасады.
Білімгерлерге біліктілік санаты жоғары, еңбек өтілі 10-20 жыл болған ұстаздар дәріс береді.