Жамбыл облысы бойынша ЖД-158/7 мекемесінің қоршауын асырып, белгісіз зат ішкі күзет аумағына лақтырылған. Бейнебақылау арқылы қылмыстық әрекет бірден анықталып, олқылықтың орны толтырылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Түрме маңын жағалап жүрген нәзікжанды көзге түседі. Жедел-режим бөлімдері бақылауды күшейтіп, күдіктіні бейнебақылау арқылы нысанаға алады. Көп күттірмей, О есімді азаматша №2 күзет аумағына мықтап маталған белгісіз қорапты лақтырып қашады. Оқиға орнына Тараз қалалық №1 полиция бөлімшесінің тергеу-тінту тобы шақырылды. Анықталғандай орамада құты ішінде 37 ақшыл түстес дәрі таблеткасы табылды. Сот-химиялық нәтижесіне сәйкес «Трамадол» екендігі дәлелденген.
Дәрігердің қатаң рецептімен сатылуы тиіс дәрмек морфиннің баламасы ретінде саналатын көрінеді. Кей азаматтар мұны есірткі ретінде қолдануды әдетке айналдырған. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі талдап-тергеу амалдары жүзеге асуда.
Жұртшылықтың түрмеге «жасырын» сәлем-сауқат жөнелтуіне қатысты осы тектес заңсыздықты жіпке тізе берсе көп-ақ. Сондықтан туыс не танысы, досы түрменің ішкі ережесін бұзбай, қайта жақынының жақсы жағынан көрінуіне ықпал етуі керек. Ал тәртібі түзу сотталушының қай кезде де жазасы жеңілдейтіні анық.
Одан бөлек, сотталушылардың азаматтық құқығы сақталған бүгінгідей мүмкіндікті іштегілер де, сырттағылар да бағалағаны жөн. Өйткені, кез келген олқылықтың орны оның себебімен емес, салдарымен күрескенде ғана толтырылады.