Аймақ басшысы Талас ауданы Үшарал ауылдық округіне барды

0 15

Талас ауданы Үшарал ауылдық округінде тұрғындардың тұрмыс табысын арттыру жобасы негізінде жоспарланған жұмыстарды жүргізу бүгінде басталып кетіпті. Ондағы үш елді мекенде барлығы 326 жеке қосалқы шаруашылық бар десек, 183 аулаға су тартылған, ал қалған, 143 аула судың жоқтығынан үй іргесіндегі жерлерін ұтымды ұқсата алмай отыр. Десе де, қияр, қызанақ, картоп, шомыр, қауын, қарбыз егіп, шаш-етектен табыс табуға талпынып отырған 261 аула бірінші бағыт бойынша өтінім беруде. Бұл туралы бүгін аудандағы аталмыш ауыл тұрғындарымен жүздескен облыс әкімі Асқар Мырзахметовке жан-жақты хабарланды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жобаға қатысатын бұл аулалардағы жерлерді игеруге қажетті жалпы қаражат 13 691 963 теңгені құрайды. Оның ішінен өнімділікті арттыруға тікелей әсер ететін тұқымға, тыңайтқышқа және пестицидке қаржы қарастырылмақ.

Жобаға қатысуға ниет танытып отырған 261 ауланың 218-і округ орталығы – Үшаралда, 22-сі Арал, 21-і Қайыр елдімекендерінде орналасқан.

Екінші бағыт – мал шаруашылығын шалқытуға да ынта білдіріп отырғандар аз емес. Олардың дені қорадағы мал басын артырғысы келетіндер десек, төрт түлік арқылы тұрмысын түзеуге кіріскендер де жоқ емес екен.

Асқар Исабекұлы игі жобамен округтегі барлық ауланы қамтуға әрекет ету керектігін ескертіп, басқа бағыттардың да өзектілігін тілге тиек етті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.