Бүгінде облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын көтерудің жобасы аясында құмарықтықтар қосалқы шаруашылықтарын дамыту шараларын қолға алып үлгерген. Баянды бастаманың игілігін көруге асық тұрғындар тиісті жұмыстарды бүгіннен бастап кеткен. Солардың бірі -Алғабас ауылының тұрғыны Гүлбағира Айжанова, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Зейнеткер қазіргі таңда үй іргесіндегі жерін тиімді игеру үшін күздік сарымсақ егу ісіне қызу кіріскен. Оның 50 соттық шарбағындағы егіншілік жұмыстарына ауылдастары асарлатып, көптеп көмектесуде.
Біріккен жерде — береке бар екенін жете түсінетін ауылдықтар сұранысқа ие сарымсақты егуге білек түре бет бұрған. Осындай іспен айналысып отырған дәл қазір он бестен аса аула бар. Олардың бәрі күздік сарымсақтарын ерте жазда қазып алып, екінші айналымда басқа көкөніс егіп, мол өнім алуға ниетті.