Тараз қаласында «Төрткүл» мəдени орталығында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған шара өтті «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
«Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен «Шамшырақ-Тараз» мүгедектердің қоғамдық бірлестігі үкіметтік емес ұйымымен бірлесе отырып, Облыстық халық шығармашылық орталығының қолдауымен өткен шарада Кенен Əзірбаев атындағы облыстық филормония əншілері əннен шашу шашты.
Сондай-ақ, шарада байрақты бəсекелерде облысымыздың һəм Республикамыздың абыройын асқақтатқан Ақжүрек Таңатаров, Марат Мəзімбаев, Өмірəлі Нышан секілді бірқатар спортшылар сөз сөйлеп, жылы лебіздерін арнады.
Олар өз сөздерінде мүмкіндігі шектеулі балалардың тағдырдың тезіне мойымай, сынақтан сынбауына тілекші екендерін жеткізіп, елдің ертеңіндей енді-енді өсіп келе жатқан барлық балаларды спортпен шұғылдануға шақырды. Жасөспірімдердің арасынан да сахнаға шығып, өз өнерлерін паш еткендер де болды.
Ал, ата-аналар қауымы «Төрткүл» секілді тарихи-мəдени орынға шара ұйымдастырып, балаларының бір сəт көңіл-күйінің көтерілуіне ықпал етіп жатқан барша ұйымдастырушылар тарапынан алғыстарын білдірді.