Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі №3 мектеп – лицейінде еліміздің барлық жалпы білім беретін мектептерінде өсіп келе жатқан ұрпақты қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауға және табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған Республикалық экологиялық сағат акциясы өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Акцияның мақсаты өскелең ұрпаққа табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау, халқымыздың экологиялық мәдениетін көтеру. «Экосағатты» өткізу Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бірлескен ұсынысы болып табылады.
Аталған акцияға облыс әкімінің орынбасары Орынбеков Бекболат Серікбекұлы, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Жамалов Талғат Салханұлы және Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Жинақбаева Мубарак Қасымқызы қатысты.
Акция “Жақсы көңіл күй – жан азығы” психологиялық тренингімен бастау алды.
Барлық сыныптарда экология тақырыбындағы танымдық – дамытушылық тәрбие сағаттары, дөңгелек үстел, топтық жұмыс, эссе жазу, пресс конференция өткізілді. Сынып сағаттары 1-4 сыныптарда “Егер жер алма болса”, 4-9 сыныптарда “Жердің температурасы бар”, 10-11 сыныптарда “Мұхиттар қауіпті жағдайда” тақырыптарында өтті.
Акция аясында “Таза болса табиғат, аман болар адамзат” сурет көрмесі ұйымдастырылды. Қатысушылар мен қонақтарға Қазақстанның экологиялық ұйымдары төралқасының төрайымы Ә.Назарбаеваның бейне – жолдауы мен презентациясы көрсетілді. «Бозінген» домбырашылар ансамблі халық әндерінен попури, «Халық күйі, жастар биі» күйін шертті.
Акцияның жалғасы ретінде мектеп – лицейде биыл ғана ашылған 75 оқушыдан құралған “Жас эколог” ұйымы облыс әкімімен, қонақтармен, мектеп директорымен бірлесе отырып мектеп ауласына 200 түп тал екті.
Акция “Алға Қазақстан!” флешмоб биімен аяқталады. Барлығы 1202 оқушы қамтылды.