Облыс отралығы Тараз қаласында Әлеуетті инвесторларға қызмет көрсету ораталығымен бірлесе «Қарапайым заттардың экономикасы» бағытын дамыту мақсатында, бизнес-жобаларды іздестіру жұмыстары жүргізілуде, – деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.
Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында отандық кәсіпорындарға 600 млрд теңге көлеміндегі қолжетімді кредиттің айрықша шарттары мен тетіктері айқындалған. Оның 400 млрд. теңгесі өңдеу өнеркәсібіне, ал 200 млрд. теңгесі агро өнеркәсіп кешеніндегі өндіріс пен қайта өңдеуге бағытталмақ.
Жеңілдетілген несие бойынша екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлерге 7 жылға 15 пайызбен несие береді. Қайта өңдеу жобалары бойынша оның 7 пайызы «Даму» қоры арқылы субсидияланады, ал, агроөнеркәсіптік кешендегі өндіру бойынша оның 10 пайызы ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы субсидияланады. Сонда іс жүзінде кәсіпкерлер несиені 8 және 5 пайызбен өтейді. Бір айта кетерлігі аталған бағдарлама бойынша кредиттің ең жоғарғы сомасы шектелмеген.
Бағдарлама бойынша халық күнделікті тұтынатын 365-ке жуық тауарды өндіруге және көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Аталған тауарлардың қатарында, костюм, көйлек, төсек жабындысы, шұлық, аяқ киім, кілем, үстел, орындық сынды тауарлар бар.