Тараз қаласының айналасынан жасыл аймақ құру, қала көшелерінің келбетін арттыру мәселелері облыс басшысы Асқар Мырзахметовтың тікелей назарындағы дүниелер. Сондай-ақ, қазіргі таңда тек облыс орталығының ғана емес, аудан орталықтарының да ажарын арттыруға бағытталған жұмыстарды жандандыру – негізгі талаптардың біріне айналып отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларының тоғыз айлық есептік жиынында айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдымен сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дәулет Досанов сөз алып, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Бүгінде облыс бойынша 377 елді мекен бар болса, оның ішінде халық саны 5 мыңнан асатыны 28. Бұл елдімекендердің барлығы Бас жоспар мен оңайлатылған сызбаларымен қамтамасыз етілген.
Айта кету керек, кешенді тексеріс пен түсіндіру жұмыстары нәтижесінде облыс бойынша «қызыл сызық» нормаларын бұзған нысандардың саны айтарлықтай азайған. Мәселен, өткен жылы «қызыл сызық» нормаларын бұзған 32 кәсіпкерлік нысан анықталса, ағымдағы жылдың тоғыз айында бұл көрсеткіш небары 3 нысанды ғана құраған. Оларды жою бойынша тиісті шаралар қолға алыныпты.
Жиында аудан орталықтарының сәулеттік келбетіне қатысты жұмыстар барысы да қаралды. Бұл бағытта бұған дейін аталған басқарма мен аудан әкімдері арасында бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілген десек, аймақ басшысы бұл жоспардың қаншалықты орындалып отырғандығына аса көңіл бөліп, осы орайдағы жұмыстарды жандандыра түсуді тапсырды. Сондай-ақ, қаладағы жабайы жарнамаларды реттеу, басты көшелердегі тұрғын үйлердің қас беттерін бірқалыпқа келтіру мәселелері негізге алынды.
Басқосудың күн тәрптібіндегі екінші мәселе бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының тоғыз айлық жұмысы тыңдалды. Осы жылдың 9 айында заңнамалар мен нормативтер талаптардың бұзылуына жол берген үшін 171 тұлға жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұлдар көлемі 19 014 516,5 теңгені құраған.
Жиын қорытындысымен хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы сараланып, тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.