Талас ауданы әкімінің аппараттық кеңесі өтті

0 3

Талас ауданы әкімінің аппараттық кеңесі өтті. Күн тәртібінде үш мәселе қаралды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Ауданда ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша атқарылған жұмыстар жайлы аудан әкімдігі ауылшаруашылық бөлімінің басшысы А.Ерубай және Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаланың ауданда орындалуы туралы аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Г.Татимбетова баяндаса, аудандағы ветеринарлық нысандардың қысқы маусымға дайындығы туралы аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Т.Алтынбек хабарлама жасады.

Ауданда 2019 жылдың 9 айының қорытындысын өткен жылғы осы мерзімдегі көрсеткіштермен салыстырғанда: ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 10,9%, одан: ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 11,1%, мал шаруашылығының өнімі 7,6% және өсімдік шаруашылығының өнімі 12,4%-ға өсіп отыр.

2019 жылдың 9 айында «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Аулие-Ата» несие серіктестігі ЖШС арқылы 13 шаруа қожалығы несие алып, 112 бас сиыр, 5584 бас қой малын сатып алды. Сонымен қатар, «Агробизнес» бағдарламасы арқылы 4 шаруа қожалығы несие алып, 50 бас ірі қара, 935 бас қой; «Іскер» бағдарламасы арқылы 10 шаруа қожалығы несие алып, 46 бас ірі қара, 794 бас қой, 17 бас жылқы малын сатып алды.

2019 жылдың өнімі үшін барлығы 12171 гектар алқапқа ауылшаруашылығы дақылдарын орналастыру және 1600 га пар дайындау жоспарланып, 12222 гектарға (100,4%) ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылған. Оның ішінде: 400 га күздік бидай, 1310 га жаздық арпа, 380 га дәндік жүгері, 600 га мақсары, 100 га күнбағыс, 130 га картоп, 130 га қант қызылшасы, 330 га бақша, 220 га көкөніс және 5022 га көпжылдық шөп (801 гектарға көпжылдық шөп жаңадан егілді) орналастырылып, 1600 гектарға сүр (пар) дайындалған. Алдын ала мәліметтер бойынша ағымдағы жылдың өнімі үшін орналастырылған 5310 га масақты дәнді дақылдардың әр гектарынан орта есеппен 17,0 ц/га, барлығы 9027 тонна астық жиналды. Жоспарлы көрсеткіш толық орындалды. Картоп, көкөніс-бақша, дәндік жүгері, көпжылдық шөп өнімдері толық жиналып, жоспарлы өнім алынып отыр. Қазіргі кезде қант қызылшасын жинау жұмыстары жүргізілуде. Межеленген 4000 га күздік бидай егісін орналастыру жұмыстары аяқталып келеді. Сонымен бірге, келесі жылдың егісі үшін 520 га сүдігер жыртылып дайындалғанын бөлім басшысы баяндады.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша 2019 жылдың 9 айында ауданда 12 жоба, 133 іс-шара өткізіліп, оған 21 801 адам қамтылды. Оның ішінде, 102 іс-шара жоспарлы турде, 31 іс-шара жоспардан тыс өткізіліп, алдағы уақытта өткізілетін іс-шаралар жоғары деңгейде атқарылатының атап кетті.

Талас ауданы әкімдігінің ветеринарлық бөлімі бойынша ауылдық округтер мен Қаратау қаласында 14 ветеринарлық пункт қызмет етеді. Оның ішінде, 5 ветеринарлық пункт ауылдық округ әкімі аппаратының ғимаратында орналасқан, қысқы маусымда әкімшіліктің орталық қазандықтарынан жылытылады. 2 ветеринарлық пункт коммуналдық меншікте, ауыл әкімшілігіне тиісті болып, келісім-шарт арқылы пайдаланылып отыр. Аталған ветеринарлық пункттерге қысқы отын (көмір) түсіріп беру туралы ауылдық округ әкімдерімен келісіліп, қамтамасыз етілді. Қалған 7 ветеринарлық пункт жеке тұлғаларға тиісті, келісім-шартпен жалға алынған. Барлық үйлердегі от жағатын пештер мен мұржаларына тексеру жүргізіліп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Алдағы уақытта 2019 жылдың 1 қарашасына дейін ветеринарлық пункт есебінде пайдаланып отырған үйлерді отынмен (көмір) толық қамтамасыз ету Талас ауданы әкімдігінің ветеринарлық қызметі ШЖҚ КМК-ның басшысына міндеттелді. Әрбір ветеринарлық пунктте 1 тоннадан көмір қоры жасақталатындығын бөлім басшысы хабарлады.

Қосымша мәселелер қаралып тиісті бөлім басшыларына хаттамалық тапсырмалар берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.