Бердібек Сапарбаев Байзақ ауданының тұрғындарымен кездесті

0 5

Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттырудың пилоттық жобасына енген Байзақ ауданындағы Қостөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Бердібек Машбекұлына ауқымды жоба аясында ауылда атқарылып жатқан жұмыстар жайы баяндалды. Өз кезегінде Үкімет басшысының орынбасары жеке қосалқы шаруашылықты дамыту арқылы, тиімді табыс көзін қалыптастыруға бағытталған баянды бастаманың маңыздылығына тоқталып, оның Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан да зор қолдауға ие болып отырғандығын жеткізіп, қостөбеліктерді жұмыла жұмыс жасауға шақырды.

Сонымен қатар Б.Сапарбаев облыс елдімекендерінде ашылып жатқан цифрландырылған ақпараттық орталықтардың жұмысын оң бағалап, онда көрсетілетін электронды қызмет түрлері ауылдықтарға көп көмек екеніне көңіл бөлді.

Айта кетейік, бүгінге дейін барлығы 103 ауылдық округте 146 цифрландырылған ақпараттық және коворкинг орталықтары ашылса, ағымдағы жыл соңына дейін тағы 25 округтегі кітапханалар жанынан осындай ақпараттық орталықтар ашылып, олардың санын 171-ге жеткізу көзделуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.