Жамбыл облысындағы Күйік, Шақпақ, Қордай, Хантау асулары қыс мезгілінде үлкен қауіп төндіреді. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Мақсат Қосыбаев айтып берді.
Бүгінде облыстың жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы 5187 километрді құраса, оның ішінде 1237 шақырымы республикалық маңызы бар жолдар және 3950 шақырымы жергілікті маңызы бар жолдарға жатады. Сондай-ақ өңірдегі автокөлік жолдарында жалпы ұзындығы 120 шақырымнан асатын 16 қар басу учаскесі бар.
«Республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда, тиісті күштер мен құралдарды, жылыту пункттерін көрсету арқылы қар басу учаскілерінің электрондық картасы әзірленді. Қысқы кезеңде Күйік, Шақпақ, Қордай, Хантау асулары үлкен қауіп төндіреді. Бұл жерлерде метеорологиялық жағдайдың нашарлауы салдарынан апаттар, автомобильдердің өту мүмкіндігінің төмендеуі және көлік құралдарының жиналуы мүмкін. Қысқы кезеңге 28 жылыту пункті дайындалды, оның ішінде 9-ы республикалық маңызы бар автожолдарда, 6-ы облыстық маңызы бар автожолдарда және 13-і аудандық маңызы бар автожолдар бойында орналасқан»,-дейді Мақсат Қосыбаев.
Сондай-ақ, қосымша жылыту пункттері ретінде автомобиль жолдары бойында орналасқан білім беру нысандары мен елді мекендердің мешіттері, сондай-ақ қоғамдық тамақтану объектілері пайдаланылатын болады.
Дерекккөз: ҚазАқпарат