Тараз қаласындағы «Достық» үйінде «Дүниежүзі қазақтарның қауымдастығы» Жамбыл филиалының құрылғанының бір жыл толуына орай «Ортақ Отан-Қазақстан» облыстық форумы өтті, деп хабарлайды «ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.
Форум барысында қауымдастықтың тарихы, қоғамдағы маңызы, қандастарымызға жасалып жатқан қамқорлық пен бірқатар мәселелер қозғалды.
Осыдан 27 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған қауымдастықтың Жамбыл облысындағы филиалы 2018 жылы ашылған болатын.
Бүгінде Жуалы, Талас, Сарысу, Байзақ, Шу аудандарында бөлімшелері бар. Бір жыл ішінде Жамбыл филиалы 55 меморандум жасап, 1000- ға жуық қандастарды мүшелікке қабылдады.
Жыл басынан бері алыс- жақын шет елдерден 218 отбасы немесе 555 азамат оралған. Оларға әлеуметтік көмек көрсетіліп, талап тілектері ескерілуде.
Форум барысында ДҚҚ төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, ДҚҚ Жамбыл филиалы төрағасының орынбасары Жұмабек Әсемов пен тарих ғылымдарының кандидаты Жанна Сейітқұлова баяндама жасады.
Форум қатысушылары туған жерге оралып бүгінде кәсібін өркендетіп отырған қандастарымыздың жетістіктері топтастырылған көрмені аралап, «Дала далалары» деректі фильмін тамашалады.