Ағымдағы жылдың он айының қорытындысы бойынша Жамбыл облысы экономикасының барлық салаларында оң динамика қалыптасып, өсім байқалып отыр. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Асқар Мырзахметов айтты.
Облыс басшысының айтуынша, өңір экономикасының өсуі есепті мерзімде 105,7 пайызды құраса, ол өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6,5 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,4 пайызға, құрылыс 9,2 пайызға, көлік 3,6 пайызға, сауда 4,5 пайызға, байланыс 6,4 пайызға артуы есебінен қамтамасыз етілді. Ал, негізгі капиталға салынған инвестиция он бес пайызға пайызға артқан.
«Өнеркәсіптің өсу қарқыны 10 айда 106,5 пайызды құрады. Жыл қорытындысымен өндіріс көлемі 450 миллиард теңгеден артады деп күтілуде. Жергілікті қамтуды арттыруға бағытталған «Қарапайым заттардың экономикасы» аясында жалпы құны 70,5 миллиард теңгеге 112 жобаның ішінен 20,2 миллиард теңгеге 38 жоба мақұлданды. Қабылданған шаралардың арқасында соңғы жылы шикізаттық емес экспорт көлемі төрт пайызға өсті»,-деді Асқар Исабекұлы.
Ол ғана емес, аймақта шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында да оң жұмыстар атқарылуда екен. Бұл бағытта кәсіпкерлерге тиімді қызмет көрсету үшін Тараз қаласында «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс жасайтын заманауи фронт-офис ашылғаны айтылды. Сол секілді, облыстағы шағын және орта кәсіпкерлердің саны 70 мыңнан асып, онда 125 мың адам жұмыспен қамтылған, олармен өндірілген өнім мен қызмет көлемі биыл 167 миллиард теңгені құрап, 6,3 пайызға артқа.
«Жалпы өңірлік өнім көлемінде шағын және орта бизнестің үлесі соңғы бес жылда 18 пайыздан аспаған болса, өткен жылы ол көрсеткіш 21 пайызға жетті. Үстіміздегі жылы кәсіпкерлерге 8,6 миллиард теңге көлемінде шағын несие беріліп, бұл көрсеткіш республика өңірлері аралығындаа алғашқы орынға ие болып отыр. Бұдан басқа, шағын бизнес субъектілері бастамаларын іске асыру үшін 1955 адамға қайтарымсыз мемлекеттік грант беру үшін 1,2 миллиард теңге бөлінді. Оның 303 миллион теңгесі жергілікті бюджеттен»,-деді облыс басшысы.
Сондай-ақ, спикердің айтуынша, кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 2025 жылға дейін облыста 2,9 триллион теңгені құрайтын 69 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда екен. Ағымдағы жылы 89 миллиард теңгені құрайтын 15 жоба іске қосылады деп күтілуде десек, оның ішінде шетел инвесторларының қатысуымен жүзеге асып жатқан қуаттылығы 100 МВт болатын «M-KAT GREEN» күн электр станциясы жобасы да бар. Осы ретте айта кетейік, облыста баламалы электр қуатын өндіретін 5 жобаның құрылысы жүргізілуде. Қолданыстағы 9 жобаны қосқанда олардың жалпы қуаттылығы 403 МВт-қа жетеді деп көзделуде. Бұл республика бойынша ең алдыңғы көрсеткіш.