Таразда Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына орай республикалық конференция өтті

0 4

Таразда Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған «Тұрар Рысқұлов – Халықаралық деңгейдегі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бас ғимаратында өткен республикалық конференцияға еліміздің әр аймағынан арнайы келген ғалымдар мен аталған оқу ордасының профессор оқытушылар құрамы, студенттер қатысты. Оны ТарМУ ректоры, профессор Махметғали Сарыбеков жүргізіп отырды. Облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова шараның алғы сөзінде қатысушыларды өңір басшысы Асқар Мырзахметовтың атынан құттықтап, конференция жұмысына сәттілік тіледі. «Ұлт азаттығы жолында құрбан болған халқымыздың асыл перзентінің рухына тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың парызы.

Жаcтарымыз еліміздің өткен тарихын жақсы білуге тиіс. Өйткені, елдің, жердің тарихы – халықтың қасіретті тағдыры. Өңірімізде Т.Рысқұловтың есімін ұлықтау және мәңгі есте қалдыру жұмыстары жалғасуда. Бір аудан, бірнеше мектеп, көшелер, облыс орталығындағы демалыс саябағы Алаштың мақтаулы ұлының есімімен аталады»,– деген Сұлушаш Құрманбекова көрнекті тұлғаның өмірі мен қызметіне қысқаша тоқталып өтті. Қазақстан Ғалымдар Одағының президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері Оразалы Сәбден «Тұрар Рысқұлов – халықаралық деңгейдегі көрнекті қоғам мен мемлекет қайраткері» тақырыбында баяндама жасап, тұлғаның күллі КСРО-ны уысында ұстаған Cталиннің ондаған жылдар бойы орынбасары болғанын, кейін нәубет жылдарында қазақты ашаршылықтан құтқарып қалуға байланысты шара қолдануды сұрап, қаһарлы басшыға хат жазғанын, Түрксіб құрылысының негізін қалаушылардың бірі, елімізде 15-ке жуық жоғары оқу орнының ашылуына бастамашы болғанын ерекше тебіреніспен атап өтті. «Тұрар Рысқұловтың жеке тұлғасы туралы айтқанда, оның кедей шаруаның отбасында дүниеге келгенін, балалық шағынан бастап жоқшылық зардабын тартқанын, анасынан тым ерте айырылғанын және жасөспірім шағында әкесіз қалғанын атап өту қажет. Әкесі өзіне қиянат жасаған болысты өлтіргені үшін каторгаға айдалған. Бұл жәйт ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің шығармасы бойынша түсірілген «Қараш-Қараш» фильмінен белгілі. Революцияға дейін-ақ ол Ташкент мұғалімдер институтына оқуға түседі. Тұрар Рысқұлов 1916 жылғы көтеріліске белсене қатысады. Мұнда Т.Рысқұлов өзін, егер керек болса, баршамен бірге көшеге де, саяси демонстрацияға да шығудан, ал егер қажет болса, баррикадаға да тұрудан тайсалмайтынын көрсетеді,– деді ғалым. Конференция жұмысының барысында Тұрар Рысқұловтың қоғамдық-саяси қызметі, Тұрар және тұтас Түркістан идеясы, Т.Рысқұлов және Әулие-Ата өңірі, Т.Рысқұлов – экономист және қаржыгер, Т.Рысқұлов – публицист, қазақ әдебиеті мен өнеріндегі оның бейнесі, Т.Рысқұлов және түркітану мәселелері тақырыптары жан-жақты қаузалды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, тұрартанушы Мұхтар Қазыбек, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының иегері, жуналист, жазушы Көлбай Адырбекұлы, Гүлнар Қозғанбаева Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «XX ғасырдағы Қазақстан тарихы» бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебай, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Меруерт Көпбаева және тағы да басқа ғалымдар тұлғаның елге сіңірген еңбегін саралап бақты.

Жиын соңында Еркін Рақышовтың «Тұрар Рысқұлов» атты фильмі көрсетілді. Конференция жұмысы ары қарай секциялар бойынша жалғасын тапты.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Leave A Reply

Your email address will not be published.