Жуалы ауданында қарлы боран салдарынан күрделі жағдай орын алды

0 0

2019 жылдың 21-22 желтоқсан аралығында Жамбыл облысы Жуалы ауданының аумағында қарлы боран салдарынан жол бойының мүлдем көрінбеуіне байланысты аймақта күрделі жағдай орын алды. Бұл туралы ӨКҚ алаңында Жамбыл облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Самат Құсайынов айтты, деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Ауа-райының қолайсыздығына байланысты «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» республикалық маңызы бар авто жолының Түркістан облысының бағытында және одан әрі қарай Түркістан облысының шекарасындағы Нұрлыкент аулынан өтетін 534 шақырымында және Тараз қаласы бағытындағы 593 шақырымындағы жолдары жабылды.

Облыстық Полиция департаменті басшы құрамының қатысуымен 130-ға жуық полиция қызметкері және 32 қызметтік көлік тәулік бойы жолдарда кезекшілікте болып, қауіптілік деңгейінің жоғары болуына орай жүргізушілерге елді мекендерден шықпауды ескертті. Полиция қызметкерлері жолдарды жауып, қар құрсауында қалған 466 көлік пен адамдарды шығарып, қауіпсіз жерлерге және жылыту пункттеріне жеткізді. Елді мекенде барлығы 6 жылыту пункті ашылып, 505 адам орналастырылды. Оның ішінде — 7 адам Қырғызстан Республикасының азаматы.

Полиция қызметкерлерінің екі тәулік бойы тынымсыз қызмет көрсетіп, жол жағдайын үздіксіз бақылауының нәтижесінде зардап шегушілер болған жоқ. Қазіргі уақытта ауа-райының тұрақтанып және жолдардың тазалануына байланысты Тараз қаласынан Түркістан облысы бағытындағы тас жол ашылды. Жүргізушілер қауіпсіздігі мен жол-көлік апаттарының алдын алу мақсатында аталған аумақтар Жамбыл облысы Полиция департаментінің бақылауында.

Leave A Reply

Your email address will not be published.