«Жас ақындар – жаршысы адалдықтың» ақындар мүшәйрасы мәресіне жетті, деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Жамбыл облысы бойынша департаменті, «Жамбыл адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Жас ақындар – жаршысы адалдықтың» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы өтті.
Мүшәйраға Байзақ, Жуалы, Сарысу, Шу аудандары мен Тараз қаласы 23 жас ақын қатысты.
Ережеге сәйкес ақындар 2 кезең бойынша бақ сынады. Бірінші кезеңде жас талаптар «Әділдік. Парасаттылық. Сенім» тақырыбында өлең оқып, адалдық пен сенімділік, парасаттылық және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікке шақыру мақсатындағы шығармаларын ұсынды. Екінші кезең еркін тақырыпқа арналды.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Р.Төлебаев, «Жамбыл адалдық алаңы» жобалық офисінің басшысы Қ.Меклисов, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы, ақын Ж.Зұлпыхар, дәстүрлі әнші, Республикалық байқаулардың лауреаты К.Нарбатыров, жас ақын, Өрнек Құлекеев атындағы арнайы жүлденің иегері, қалалық «Жамбыл — Тараз» газетінің тілшісі А.Жақсылықтан құралған қазылар алқасы қатысушылардың ақындық, орындаушылық шеберлігі мен шығарманың идеялық мазмұны және көркемдік дәрежесіне қарай жүлдегерлерді анықтады.
Мүшәйра қорытындысына сәйкес:
Бас жүлдемен – Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Абылай Ғалия;
І орынмен – Байзақ ауданы, А.Суханбаев атындағы орта мектеп оқушысы Тыныстан Ақжан;
ІІ орынмен – М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Әбдірұлы Шапағат;
ІІІ орынмен – Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Бейсенов Ернұр марапатталды.
Сонымен қатар, барлық қатысушыларға «Жамбылдың жауқазын жырлары» атты әулиеаталық жас ақындардың жыр жинағы берілді.