Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыстың полиция қызметкерлері «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының» тәрбиеленушілерін құттықтады.
Жамбыл облысының Полиция департаменті атаулы мерекелер мен балаларға маңызды шараларды назардан тыс қалдырмай, ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл дәстүр орталықтың Сарымолдаев балалар үйі кезінен бері жалғасуда. Полиция департаменті қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру арқылы тәрбиеленушілерді мектепке қажетті құрал-жабдықтар және киімдермен қамтамасыз етіп, сондай-ақ республикалық деңгейдегі жарыстар мен іс-шараларға қатысуына ықпал етуде өз үлестерін қосуда.
Осындай дәстүрдің жалғасы ретінде ұйымдастырылған Жаңа жылдық кеш те балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік шараны Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Арман Оразалиев жылы лебізімен сөз сөйлеп бастап, балаларға жарқын болашаққа жету жолында ең алдымен оқуда озат болуды тіледі. Сондай-ақ, спорт пен өзге де шығармашылық бастамаларда жетістіктерге жетуге тілек білдірді.
Іс-шараның ерекше көрінісі анимациялық шоу бағдарламалар болды. Сондай-ақ, кеш барысында бүгінгі күні орталықта тұрып жатқан 100-ге жуық тәрбиеленушінің барлығына сыйлықтар үлестірілді.
–«Балалар әр Жаңа жылда тосын сыйлар мен ғажайып кездесулер күтеді. Полиция қызметкерлерінің өте жауапты әрі қиын қызметтеріне қарамастан, ерекше қамқорлықпен көңіл бөлетініне алғысымыз шексіз» — деп атап өтті орталықтың тәрбиешілері.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі