2019 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 185,9 мың адамды құраса, биылғы жылы олар 109,7 мың адамға азаяды. Бұл туралы ӨКҚ алаңында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Өткен жылы атаулы әлеуметтік көмекке 22,8 млрд.теңге қарастырылған. 51177 отбасынан өтініш қабылданып, 14702 отбасына көмек тағайындаудан бас тартылды. 36475 отбасына 22,8 млрд.теңге атаулы әлеуметтік көмек төленді.
АӘК тағайындау және төлеу барысында кемшіліктерді жою үшін 6914 отбасының құжаттарын қайта тексеру жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде 933 отбасына заңсыз тағайындалған 133,5 млн.теңгені бюджетке қайтару қажеттігі анықталған болатын. Бүгінгі күнге 67,1 млн. теңгесі қайтарылды. 1097 отбасынан және қалған қаржыларды қайтарту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар 2020 жылы атаулы әлеуметтік көмектің жаңа моделі бойынша құрамында 74876 адамы бар 14919 отбасы қайырылады деп күтілуде. Бұл биылғы жылға қарағанда 2,5 есе азаяды деген сөз. Оларға жыл ішінде барлығы 10,9 млрд.теңге қаржы қаралып отыр.
Кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен жалпы атаулы әлеуметтік көмек алушы 48893 бала қамтылады. Оның ішінде 18343 бала 1 жастан 6 жасқа дейін. Әлеуметтік кепілдендірілген пакетке жалпы 4021,9 млн. тенге қажет болса, оның 667,1 млн. тенгесі республикалық бюджеттен, 3 354,8 млн. теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылды.
Айта кетейік, көпбалалы 31213 отбасына арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленетін болады. Оның ішінде 8616 отбасы жаңадан қосылмақ.
Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа моделін халыққа жеткізу мақсатында баспасөз беттерінде 15 материал, 3 сұхбат, 7 ақпараттық сюжет жарық көрді.
Медиа-жоспарға сәйкес тиісті сала мамандарынан құрылған ақпараттық-насихаттық топ бүгінгі күнге облыстың 80 ауылдық округінде 10 мыңға жуық адамды ақпараттандырды. Бұл жұмыстар ары қарай жалғасуда.
Кепілдік берілген әлеуметтік топтаманың шеңберінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін азық-түлік жиынтығы мен гигиеналық құралдар жиынтығын сатып алуды, Жамбыл облысы бойынша әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жүргізілу жоспарлануда.
Облыс бойынша 5 өнім беруші компания, «Вкусная корзинка» ЖШС, «Скиф Трейд» ЖШС филиалы, «Магнум Кэш энд Керри» ЖШС филиалы, «Фиркан» ЖШС, ЖК «Казакбаева Гульжахан Абилкаировна» үкіметтің қаулысымен бекітілген.
Әлеуметтік кепілдендірілген топтаманы аз қамтылған отбасыларға «Каз Почта» арқылы жүргізу көзделуде.