Өткен 2019 жылы өңіріміз үшін жемісті жыл болды. Оған экономиканың дамуындағы оң динамика, жылдық жоспардағыдан жоғары деңгейде күтіліп отырған көп көрсеткіштер дәлел. Осы және өзге де көрсеткіштер аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен селектрлік режімде өткен аппарат кеңесінде жан-жақты айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігінің экономика және жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баяндама жасап, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің өткен жыл қорытындысымен орындалуына тоқталып өтті.
Басқосуда 2020 жылдың жұмыс жоспарын әзірлеу барысы қаралып, аудан әкімдері мен басқарма басшыларының өткен жылы атқарған жұмыстарының есеп беру мерзімі пысықталды. Сондай-ақ, облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасының жүзеге асу барысы да баяндалды. Ол бойынша «Тараз әлеуметтік кәсіпкер ұлттық корпорациясы» АҚ төрағасы Нүркен Шәрбиев сөз алып, жобаның бес бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Аймақ басшысы жобаның маңыздылығын алға тартып, барлық ұйымдастыру шараларының жедел әрі өз деңгейінде өтуін ескертті. Асқар Исабекұлы тұрғындардың тұрмысын арттыру үшін барлық тиімділіктер қарастырылған баянды бастаманың орындалуында ешқандай олқылыққа жол берілмеу керектігін баса айтып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Барлық құжаттарды қабылдау шараларын 20 қаңтарға дейін толығымен аяқтауды тапсырды.
Бұл мәселелер облыс басшысының тұрақты бақылауында болып, ол бойынша күнәра кеңес отырысы өтіп отырмақ.