Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбек аудан тұрғындары алдында 2019 жылы атқарған жұмыстары мен 2020 жылға арналған міндеттері туралы есеп берді , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
2018 жылмен салыстырғанда барлық саланың көрсеткіші жоғарылап, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы артқан.
Айта кетсек, былтырғы жылы 510 азамат өзінің кәсібін ашуға 256 млн. теңге қайтарымсыз грант жеңіп алған. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы- 2020» бағдарламасы аясында 10 азамат жаңашыл жобаларын қорғап, 19 млн. теңге қайтарымсыз грант иегері атанған. Олардың ішінде лимон егу, кір сабын өндірісі, бөдене құсын өсіру, жемістерді құрғату жобаларын ерекше аталған.
Сонымен қатар ауданда ауыл шаруашылығы өнім көлемі 104,9 пайызға өскен.
Былтырғы жылы аудан аумағында 20500 гектар күздік бидай егу жоспарланса, 22620 га жерге дән егіліп, жоспар 110,3 пайызға орындалған.
Ал қант қызылшасы 2000 гектар жерге егіліп, 50 672 тонна өнім алынған. Облыс бойынша қант зауытына өткізілген өнім көлемі 136 300 тонна болса, соның 50 мың тоннадан астамын меркілік диқандар өткізген. Қант қызылшасынан «Сыпатай батыр» ЖШС республика аумағында болмаған гектарынан 758 центнерден өнім алып, рекордты көрсеткіш өнім жинады. Ауыл шаруашылығы техникалыр бойынша 2018 жылы 70 дана техника алынса, былтырғы жылы 99 дана техника сатып алынған.
Қазіргі күні ауданда пилоттық жоба аясында 19 техника сатылып алынған.
Айта кетейік, қой, сиыр етін экспорттау 1,64 есе артқан.
Аудан аймағындағы шаруашылықтар шет елдерден асыл тұқымды мал алып келуді қолға алған. Мәселен, «Аспара-Хан» шқ. ақ бас 56 сиырын, «Алтын құс» шқ. 52 бас герефорд, «Достық» шқ. 50 бас қара ала, «Самғат» -45 – симметал, «Роза» — 40 бас қара ала мүйізді ірі қара әкелген. Ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар ет, сүт бағытындағы жұмыстарды жандандыру үстінде. Сүт бағытында 6, ет бағытында 5 кооператив жұмыс жасауда. Жыл бойы ауданнан 29549,9 тн.сүт өндірілсе, ет 12523,2 тн.-ны құраған.