Жамбыл ауданында баспасөз туры өтті

0 6

Жамбыл ауданында  бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз туры өтті. Облыстық телеарналар мен газеттердің тілшілері қанатқақты жобаның шапағатын көріп отырған Бесағаш ауылдық округі тұрғындарының тыныс-тіршілігімен танысты , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Алдымен  қауымы бірліктегі тірлікті дамыту үшін жоба аясында құрылған «Іске сәт» ауыл шаруашылығы кооперативінің атқарушы директоры Қадіржан Дөненбаевпен тілдесті. Құны 100 млн 710 мың теңге тұратын 22 техникаға тапсырыс беріп, оның 18-не қол жеткізгенін қуана айтқан кооператив директоры алдағы уақытта бұл техникалар ауылдықтарға жан-жақты қолдау көрсететінін тілге тиек етті. Бүгінде бұл кооперативке жоба негізінде жалпы 280 аула тіркеліп, оның 147-сі 514 млн теңгеге қол жеткізген.

Бүгінде ең төменгі 2,5 пайызбен несиеге алған бесағаштықтардың бірі мал шаруашылығын қолға алса, енді бірі үй іргесіндегі жерлерден пайда табуды көздеп отыр. Жалпы ауылдық округте түтінін түтетіп отырған 1336 үй болса, оның ішінде жобаның бірінші бағыты үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануға 1176 аула қамтылды. Ал, 280 аула екінші бағыт мал шаруашылығын қолайлы санап, қазіргі таңда 69 аулаға несие рәсімделген.

БАҚ өкілдері бұдан соң Бесағаш ауылының тұрғындары бүгінде 3 млн 300 мың теңгеге 50 бас қой алған Жұмабек Садықов пен 3 млн 350 мың теңге жеңілдетілген қаражат алып, оған 4 сиыр мен 23 бас қой алған Оралбай Сапиевтің және аталмыш округке қарасты Түрксіб ауылының тұрғыны 3 млн 750 мың теңгеге 8 бас жылқы сатып алып, мал санын көбейтуді көздеп отырған Болатқан Тойшыбековтің ауласына бас сұғып, тіршілігімен танысты. Мал шаруашылығымен айналысуды қолға алған ауыл тұрғындары жылқы мен сиыр сүтін сатып пұл қыламыз, қойды төлдетіп қора-қора мал қыламыз дейді.

Журналистердің ауданға жасаған сапары кезінде олармен бірге аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов, Бесағаш ауылдық округінің әкімі Бейбіт Нигматуллаев болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.