Жамбыл облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ұйымдастырылған брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ермек Тұмабеков өңірлік мемлекеттік қызметтегі гендерлік теңдік жөнінде баяндады , — деп хабарлайды «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік жұмыспен қамту саясатының басты бағыттарының бірі ретінде гендерлік теңдікті нығайтуды айқындады.
Елбасының саясатын жүзеге асыруды жалғастыра отырып, мемлекет басшысы өзінің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасында әйелдердің еңбек құқықтарын қорғаудың, гендерлік кемсітушілікке қарсы тұрудың, жұмысқа орналасудың икемді түрлерін енгізудің, әйелдердің мемлекеттік органдарға қатысуын кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Бүгінгі таңда әйелдер шешім қабылдаудың ең жоғарғы деңгейінде: барлық деңгейде және корпоративтік секторда- Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, Конституциялық Кеңес және Орталық сайлау комиссиясының, облыс әкімдерінің орынбасарлары мен биліктің барлық деңгейлерінде ұсынылған.
Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің төрағасы Анар Жаилғанова барлық деңгейде қызметке түсу және жоғарылау үшін тең бастапқы мүмкіндіктер жасау мақсатында елімізде гендерлік-бағдарланған кадрлық саясат жүргізіліп жатқандығын атап өтті.
Жамбыл облысы мемлекеттік қызмет істері департаментінің мәліметі бойынша, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметте 2189 әйел жұмыс істейді, бұл мемлекеттік қызметшілердің жалпы санының 46,3% құрайды.
Мемлекеттік қызметтегі жалпы басшы лауазымдар саны – 1352 болса, олардың ішінде 423 немесе 31,3% әйел азаматтар құрап отыр. Олардың ішінде облыстағы ең жас мемлекеттік қызметшілердің бірі Нұргүл Жексебаева Қордай аудандық соты кеңсесінде жетекші маман болып жұмыс істейді. Ол 21 жаста.
Сондай-ақ, ең жас басшы 25 жастағы Жазира Рысбаева Т.Рысқұлов аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасында бөлім басшысы лауазымын атқарады.
Айта кету керек, әйелдердің көпшілігі статистика және сот органдарында, денсаулық сақтау және білім салаларында басым. Мысалға, облыстық статистика департаментінде 140 мемлекеттік қызметкердің 108-і әйелдер, яғни 77% құрайды.
Жоғарыда келтірілген фактілер мемлекеттік қызметтегі гендерлік саясатқа ерекше назар аударатындығын көрсетеді.