Өңірде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы  елді-мекендерді түлетуге ықпалын тигізуде

0 2

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы былтыр Жамбыл облысының үш ауданында жүзеге асырылған болатын. Биыл мемлекеттік жоба өзге аудандарда да қолға алынып, елді-мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға септігін тигізуде. Мәселен Қордай және Талас аудандарында жоба аясында авто-жолдар жаңғыруда,-деп жазады «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

 Қазіргі таңда ауылдық жерлерде шешімін табуды талап ететін бірқатар мәселелер бар. Атап айтқанда, еліміздегі ауылдардың жартысынан астамында көшелер, білім беру және денсаулық сақтау нысандары жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Ал, «Ауыл – Ел бесігі » жобасы  аясында жаңа жұмыс орындары ашылып, 7 миллионға жуық ауыл тұрғындарының өмір сапасы жақсарады деп күтілуде. Қордай ауылдық округі бойынша 2020 жылға 21 жобаны іске асыру үшін жалпы құны 898 млн. 651,0 мың теңге бөлінген. Бөлінген қаражатқа Қордай ауылындағы бірқатар көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

-Бүгінгі күні барлық жөндеу жұмыстары актіге сәйкес жұмыс істейді, жалпы 21 көшенің жолы жөнделді. Қазіргі уақытта Домалақ ана және Төле би көшелері жаңғыртудан өтті. Өздеріңіз көргендей жолдың алты жүз метрі аяқталды,-деді  Қордай ауылдық округінің әкімі   Бақыт  Сахатов.

Ауылдардың жағдайын жақсартып, халықтың тұрмыс тіршілігін арттыру үшін қолға алынған «Ауыл — ел бесігі» жобасы Талас ауданында да оң нәтиже беріп отыр.  Мәселен, аудандық маңызы бар Қаратау- Көктал автожолының 14,5 шақырым бөлігіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ел игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар ағымдағы жылдың қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде. Жол жөндеу жұмыстарына жергілікті азаматтар тартылған.

 

-Ауыл тұрғындары үшін автокөлік жолының маңызы өте зор.  Қазір екі аралықты орташа жөндеуден өткізіп жатырмыз. 40  адам еңбекке тартылған. Айлық жалақыларын уақытымен алып жатыр. Жылдың бірінші жартыжылдығында жұмыстарды толық аяқтау жоспарлануда,-дейді учаске басшысы Мейірхан Жабылбаев .

Айта кету керек, өткен жылы аталған жоба аясында 3 ауданда 3 млрд теңгені құрайтын 108 жоба іске асырылған болатын. Оның ішінде 104 жоба жөндеу жұмыстарын қамтыса, салынып жатқан 4 әлеуметтік нысанның құрылысы биыл аяқталады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.