Еріктілердің еңбегі еленді

0 6
Жамбылдық ерікті жастар Елбасының «Алғысымен» марапатталды. «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүрекжарды жылы лебізі мен алғаусыз алғысы жазылған құнды марапатты жалпы саны жамбылдық 67 жас алды , – деп хабарлайды   “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Еңбегі ерен еріктілерге Елордадан келген марапатты «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының Төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев салтанатты түрде табыстады. Облыс әкімдігінде өткен салтанатты шараға олардың тек 15-і шақыртылды. Қалған қолғабыс иелері «Қабылет» орталығында өз «Алғыстарын» алды.
Айта кету керек, қазіргі қиын-қыстау кезеңде жамбылдық 70-ке жуық «жасотандық» пен өзге еріктілер ел өміріне етене араласты. Мұқтаждар мен жоқ-жітікке жәрдем жасаған жастарға Бердібек Машбекұлы алғысын айтып, қоғамдық жұмыстарға жиі араласуға шақырды.
Марапатталғандар қатарында ел намысы атанған спортшыларымыз Бейбіт Ыстыбаев, Ақжүрек Таңатаров та бар. Жамбылдағы «Жас Отан» Жастар қанатының Төрағасы Уалихан Болатбек, жас кәсіпкер Олжас Қуандықов та алғыс алған азаматтар қатарынан табылды.
Еліміз бен аймақ абыройын асқақтатып жүрген спортшы саңлақтарымыз індет басталғалы әр қайссы 100-ден аса отбасыға жәрдем ретінде азық-түлік апарды. Осындай ізгі істерін апта сайын акцияға айналдырды. Сондай-ақ, еңбегі еленгендер қатарында карантиндік кезеңде аянбай тер төккен партия облыстық филиалының өзге де қызметкерлері бар.
«Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап кеткендей, еріктілік – ел үшін, қоғам үшін адал қызмет. Оны расымен де, халқымыздың өмір салтына айналдыруымыз керек. Мұндай жақсы амал, қазақ халқының бұрыннан қанына сіңген қасиет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп кез-келген іске асарлайтын халқымызға бұл жат дүние емес. Бұған бүгінде жастарымыздың ерікті түрде ұйыса білуі қуантып отыр» -деді Бердібек Машбекұлы.
Leave A Reply

Your email address will not be published.