Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған..

0 93

(Абай Құнанбайұлы шығармаларының менің өмірімдегі рөлі)

«Халқымыздың рухани өміріндегі қайталанбас ерекше құбылыс — Абай. Абай ілімі, Абай табиғаты, Абай үні — мүлдем ерекше. Бабамыздың: «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» немесе «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген қасиетті де, құдіретті сөздері қай заман, қай қоғамда болмасын барша адамзат баласының ортақ тағылымы іспеттес. Абай — әлемдік ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға. Абайдың әр сөзі мен үшін өмірімнің өрнегі, тіршілігімнің тынысы. Ұлы Абайдың шығармалары менің өмірімде маңызды рөл атқарады. Мен өмірімнің қай кезеңінде болмас едім, қай салада жұмыс жасамасам да, әрдайым ақынның сөздерін ұстанамын. Мен ана ретінде балаларды ұлы ақынның ұстанымына, адамгершілік пен еңбекқорлық қағидаттарына сәйкес тәрбиелеймін.

Ұлылығы жер-әлемге тараған,

Қасиетіне басын иген адам бар.

Абай атам- мақтанышы қазақтың,

Бар өмірін өлең -жырға арнаған! Абайдың әрбір сөзі даналыққа толы. Кез келген адам Абайдың өлеңі мен нақыл сөздерін оқығанда «Шіркін, мен де сондай болсам ғой?!»- деп армандайтыны шындық. Абай ел ішіндегі күншілдік, өтірік, өсек, жалқаулық сияқты ұнамсыз жайларды сынады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы болып саналады.

Абай отандық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Абай Отанымыздың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалады. Абай әрдайым жаңа, прогрессивті болуға ұмтылды және халқының болашағына алаңдап, оны өркениетті даму жолына түсуге шақырды. Білімді адам бола отырып, ол бірінші кезекте білім, мәдениет, озық идеялар мен ғылым — қоғамның негізгі қозғаушы күші болатындығына сенімді болды. Олар өз кезегінде барлық халықтар үшін қоғамда бейбітшілік пен өзара түсіністік болған кезде ғана дами алады. Сонымен қатар, Абай Құнанбаевтың қай шығармасын алсақ та, еңбексіз қоғамға байлық пен молшылыққа жету мүмкін емес екенін: «Көктен жақсылық күтпеңдер, еңбектен жақсылық іздеңдер!» деп үнемі ұрандата отырып санаға құйып келді.

Абайдың айтқан және жеке мысалмен көрсеткені ұлттық санадағы өзгерістерді қамтитын рухани модернизацияның негізгі бағыттарына сәйкес келеді. Бұл сананың ашықтығы, бұл өзгертуге дайын болуды және Абайдың одан әрі дамуына мүмкіндік бермейтін өткен элементтерден бас тарту мүмкіндігін білдіреді. Әрине, білімге табыну, өйткені білімді адамдар барлық уақытта бағаланады, ал бүгінгі таңда жоғары білімді болу — заман талабы.

Абай: «Білімге, ғылымға ұмтыл, адам болуды үйрен, халқыңа пайдалы іс жаса!» деп жастарға өз ілімін тастап кетті.

Әлемде қандай да бір жетістікке, өзі таңдаған мұратқа адам өзі жеткілікті қайрат пен жігер жұмсамай жетуі қиын екенін әлдеқайда айтып кеткен. Ғылым және білімді оқуы, өзінше ізденуі — қайрат-жігерін дұрыс пайдалана білгендігі ғой ғұлама Абайдың?!

Абайдың қайратты қарасөздері оның сөзге деген өнерінің көркемдік күшін, даналығын көрсеткен прозалық шығармалар болып табылады. Ұлы ақынның терең мағыналы,санаға қозғау салып, ойды шымырлата түсетін тәрбиелік мәні зор қара сөздеріне тоқталсам. Абайдың қарасөздерінің жалпылық саны 45 бөліктен тұрады. Олар тақырып нысанынан бірғана бағытта жазылмады, олар әр алуан болды. Абайдың 6 ,7-нші қарасөздері қысқалау болса, кейбіреулері тақырып және мағынасы жағынан ауқымды болды. Абай өз қарасөздерінде туындының көркіне ғана емес, сонымен бірге оның ауқымдылығы мен мағынасына назар аударған.

Кемеңгер бірінші қара сөзінде өмірінің ендігі кезін қалай, нені кәсіп қылып өткізетіндігі туралы жазған. Ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, софылық қылып, дін бағу, балаларды бағу сияқты амалдардың ешқайсысын ермек қыла алмайтындығын жазған. Ақыры ойлай келе ақ қағаз мен қара сияны ермек қылып, өз ойына келген нәрселерді жазуды жөн көрді. Өзінен кейінгі ұрпаққа өсиет қалдырды: «Кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ»,-деп аяқтады.

Дара ақынның әрбір қара сөзі тұнып тұрған білім, тәрбие, өнеге. Соның бірі он жетінші қара сөзі. Бұл қара сөз Ғылым, Ақыл, Қайрат, Жүректің диалогінен құралған. Қайрат, ақыл, жүрек адам баласы үшін өздерінің маңыздылығын, атқаратын жұмысын айтып, әрқайсысы бірінші орынға таласып, ғылымға төрелікке келеді. Сонда ғылым үшеуінің сөзін тыңдап әрбірінің жақсылығын-жамандығын, пайдасын-залалын айтып, жүректің билік еткенін жөн көреді. Ақылды жақсы да, жаман да жақсы көретінін, жүректің жақсылық айтқан ақылға жаны құмар екенін, қуанышпен қарайтынын, ал жаманшылықтан жиіркенетінін айтқан. Жүректі тыңдар болсаңдар қайратыңды, яғни күш жігеріңді жақсы әрекет етуіңе атсалысады, орынсыз істерге жолатпайтынын мәлімдеген. Ғұлама осы үшеуі де адам бойында бірдей табылатын болса, содан артық қасиетті адам болмайтыны жайында айтқан.

Дана ақынның он тоғызыншы қара сөзі де жақсылардан үйреніп, жамандардан жиренуге үйретеді. Оған дәлел ақынның мына сөзі: «Ей жүрегімнің қуаты перзентлері! Сіздерге адам ұғымының мінездері туралы біраз сөз жазып ядкар қалдырайын. Адам ата-анадан туғанда есті болмайды естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы , сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады», — дейді. Адамдар білімді есті кісілердің сөздерін ескеріп, ойына түйіп, сол түйгенінен жақсы

нәрсе шығарса, жамандықтан аулақ болса, сонда ғана сол — адам болады делінген. Егер де жақсы сөз айтылып қаперіне құймаса, атқан сөз айтылған жерінде қалып жатса, ондай адамнан шошқаның өзі артық екенін айтқан. Осыны айта келе ақын оқырмандары білімді, естілерді тыңдап өскенін қалады.

Қорыта келе айтқанда, кемеңгердің әр қара сөзін оқып мағынасын түсіне білген адамға таптырмас рухани азық. Кез келген қара сөзі тұнып тұрған білім, терең мағына, адамды еңбекқор болуға, ақылды, талапты, сауаттылыққа, діни білімді болуға шақырады. Халықтың кемшіл,жаман тұстарын талдап, сол қасиеттерден аулақ болуды өсиет еткен. Ұлы ақынның қара сөздері әрбіріміз үшін бойымызға тәрбие, білім нәрімен сусындататын таптырмас асыл қазына. Әр сөзі- өмірдің өрнегі, тіршіліктің тынысы бола білді. Кейінгі жас ұрпақ өнегелі сөздермен нәр алып, тәлім алып, өсе берсін демекшімін. Дара ақын артына өшпес мұра қалдырды.

Абайдың сөзін қоспай ешкім де, ешнәрсе де айта алмайды.Бұл, әрине мәңгілік өлмейтіндігінің дәлелі. «Ол — біздің әрқашан ұлттық ұранымыз. Ол арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз!» деп ойымды Елбасымыздың сөзімен қорытындылағым келеді.

Нуралиева Динара Хаттамовна

«Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің

№34 орта мектебі»КММ директоры

Жамбыл облыстық «Вынхуа»

дүнгендер қауымдастығы» ҚБ-нің мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.