Жамбыл облысында кәсіпкерлік субъектілері даму институттарымен ынтымақтасады. Жергілікті кәсіпкерлік субъектілері 13 даму институтымен ынтымақтасатын болады. Олардың қаржылық қолдауы индустрияны дамытуға, инвестиция тартуға және экспортты ілгерілетуге оң ықпал етеді деп күтілуде. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен арнайы жиында айтылды, — деп жазады “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Кеңес барысында облыс әкімінің орынбасары Нұржан Кәлендеров жамбылдық кәсіпкерлерді қолдау үшін даму институттарының қандай тетіктерді қолданатынын жеткізді. Мәселен, «QazIndustry» Қазақстан Индустрия және экспорт орталығы» АҚ осы жылы жамбылдық тоғыз компанияның логистикалық шығындарын өтеп беруді жоспарлап отыр. Олардың қатарында «Good look» ЖШС, «Рола-7» ЖШС, «Сәуле кондитерлік фабрикасы» ЖШС бар. Ал, «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ инвесторлар тартуға көмектеспек.
Сондай-ақ, жеті ірі жоба – «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС, «K-agro» ЖШС, «Жаңатас ЖЭС» ЖШС және тағы басқаларды сүйемелдеуге ниет танытып отыр. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ «Бизнестің жол картасы – 2025», «Еңбек» және «Береке» бағдарламалары аясында несиелік ставкаларды субсидиялаумен және кепілдендірумен айналысады. Аймақ басшысының орынбасары Нұржан Сәбитұлы қазіргі таңда «Даму» Қорымен стартаптарды қолдау, «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша жобаларды кепілдендіруді күшейту және ауыл тұрғындарына несие беру мәселелері пысықталып жатқандығын атап өтті.
-«Даму» қорымен ірлесе кепілдендіру, субсидияландыру, гранттар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша құны 68,7 млрд теңге болатын 116 жоба қабылданды.2 жобаға кепілдік беріліп,166 грант тапсырылды,-дейді облыс әкімінің орынбасары Нұржан Кәлендеров.
Ал, аграрлық несие корпорациясы ауылшаруашылық тауар өндірушілердің 16 жобасын, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 328 жобаны қаржыландырған. Агро сала бойынша биылғы жылы несиелерді кепілдендіру үшін 100 миллион теңге қарастырылыпты.
Біз егжей-тегжейлі талдау жасап, даму институттарына қандай жобаларды ұсына алатынымызды және олар бізге қандай қолдау шараларын көрсете алатынын анықтап алуымыз керек. Гранттық бағдарламаларды қолдана отырып, техникалық дамытудың қандай идеяларын жүзеге асыруға болатындығын зерделеңіздер,-деді аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев.
Даму институттары қуатты экономиканы қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Олармен неғұрлым тығыз жұмыс жасап, қолдауларын шағын және орта бизнесті дамыту үшін тиімді пайдалану қажет. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып өткен болатын. Жамбыл облысының табиғи байлығы геология және жер қойнауын пайдалану саласында бірнеше ондаған инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.