Бердібек Сапарбаев дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі мен ыстық суға қатысты тапсырмалардың орындалуын тексерді , – деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
⠀
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыс орталығын аралап, дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі мен ыстық суға қатысты бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуын тексерді.
⠀
Бердібек Сапарбаев Қ.Тұрысов, Т.Рысқұлов және әл-Фараби көшелеріндегі, Койгелді көшесінен Сәтпаев көшесіне дейінгі жылу желілерін жөндеу жұмыстарымен танысты. Желілердің ұзындығы 866 метрді құрайды. Мердігер — «Агроспецстрой» ЖШС. Мамыр айында жұмыс басталған жұмыс келісім бойынша қазан айында аяқталуы керек.
⠀
Жуырда ғана өткен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі кеңесте Бердібек Сапарбаев шұғыл түрде ыстық сумен қамтамасыз етуді қалпына келтірудің шешімін табуды, сонымен қатар, жылу жүйелерін жөндеуді тездетуді тапсырған болатын.
⠀
Өңір басшысы мердігерлерді жұмыстың баяу жүргізілгендігі үшін сынға алды.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі компанияның аталған ескертулерді елемегеніне көз жеткізді. Құрылыс алаңдарында бір ауысымда 18-20 құрылысшы ғана жұмыс істеуде.
⠀
Тек бір ауысым жұмыс істейді. Жұмысшылар кеш келеді, ерте кетеді. Әрине, мұндай қарқынмен жөндеу шаралары ұзаққа созылады. Мердігерлердің жүйесіз жұмысының салдарынан тұрғындар бірнеше ай бойы ыстық сусыз отыруға мәжбүр, — деді облыс әкімі.
Ол құрылыс жұмыстарының қарқынын арттыруды тапсырды және салынып жатқан инфрақұрылымның сапасына назар аудару керектігін баса айтты.
Тағы екі ауысымды қосу керек. Құрылысшылар күндіз-түні жұмыс істеуі керек. Бұл үшін олардың жалақысын көбейткен дұрыс. Нәтижесінде нысандар уақыт созбай пайдалануға берілетін болады. Осылайша, жедел жұмыстардың арқасында ыстық су беру де қалпына келтіріледі, — деді Бердібек Сапарбаев.
⠀
Мердігер өкілі кемшіліктердің түзетілетіндігіне сендірді.
⠀
Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев бірнеше дәріханаларға ат басын бұрды. Бір апта бұрын дәріхана желілері өкілдерімен және медициналық өнімдерді жеткізушілермен кездесуде ол облыс тұрғындарын қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді, тапшы дәрілердің аналогтары туралы ұсынуды тапсырған болатын.
«Әмір и Д» ЖШС директорының орынбасары Әмір Нұрсейітовтың айтуынша, дәрі-дәрмектер күн сайын жеткізіледі, бірақ тез өтіп кетуде. Сондықтан компания қазір көп сұранысқа ие препараттардың төрт түрін шығара бастаған.
⠀
Бердібек Сапарбаев жергілікті компаниялар шығаратын дәрі-дәрмектердің санын арттыруды тапсырды.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловқа «СК-Фармация» ЖШС-мен тығыз қарым-қатынас жасап, медициналық мекемелердің дер кезінде дәрі-дәрмектермен қамтылуын бақылауды тапсырылды.
⠀
Аймақ басшысы облыстық көп салалы ауруханадағы жағдайдың қалай болатынын білуге бел буды.
Қала аралау барысында Бердібек Сапарбаев облыстық көпсалалы ауруханасындағы жағдаймен де танысты.
⠀