Қордай ауданында ағымдағы жылдың соңына дейін сапалы интернет желісі 14 ауылға тартылады. Бұл көрсеткіш облыс бойынша, 81,3 пайызды құрайды. Ал еліміздегі барлық елді мекендер 2022 жылға дейін түгел интернет желісімен қамтылмақшы, – деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Жамбыл өңіріндегі елді мекендер мен білім мекемелерінің интернет желісімен қамтылуы 80 пайыздан асады. Қазақстан бойынша 117 қала мен 3500-ге жуық ауыл кең жолақты интернетке қосылған. Қазақстан әлемдік рейтингте ұялы байланыс абоненттері бойынша 21-і, ал интернет пайдаланушылар саны бойынша 45-орында. Қордайда ең алдымен ғаламторға мемлекеттік мекемелер мен әлеуметтік маңызы бар нысандар қосылады. Атап өтсек, 19 мектеп, 13 медициналық мекеме, 8 әкімдік, 3 полиция пункті. Ал, содан кейін ауыл тұрғындары да интернеттің қызығына кенелмек.
Талшықты-оптика тартыларда ауылдар тізімі жасақталып, оған 250-ден кем емес тұрғыны, мемлекеттік, білім беру және медициналық мекемелері бар елді мекендер енгізіліпті. Бұл дегеніңіз, цифрлы бағдарламаның шапағатынан шалғай ауылдар кем қалады деген сөз емес. Әсіресе, сол ауылдарға аса ден қойылып жатқанын аңғаруға болады.
Қазіргі таңда Ноғайбай, Өтеген, Қызылсай, аудан орталығынан қашықта жатқан Масанчи, Қаракемер, Бұлар батыр, Ауқатты ауылдарына дейінгі желі учаскесі аяқталып, мектеп пен ауруханаларды кең жолақты интернет желісіне қосылу жұмыстары басталып та кеткен.
Сонымен бірге, Арал және Сортөбе ауылдары бағытында талшықты-оптикалық желілер салынып, жақын арада байланыстың оптикалық желісі Қалғұты, Үлкен Сұлутөр, Сұлутөр сынды алыстағы ауылдарға да жеткізілмек.
«Қазақтелеком» АҚ аудандық филиалы қызметкерлерінің айтуынша келешекте талшықты-опткалық желілер жоғары жылдамдықты интернет қызметтерін ұсынуға мүмкіндік береді екен. Заманға сай ташлықты желінің таңдалып алынуы да соның айғағы.
Бүгінде Арал ауылына кабель тартылып, кең жолақты интернетке мектеп пен фельдшерлік-акушерлік пункт қосылған. Осыған дейін әлеуметтік желілерге әупіріммен кіретін ауыл тұрғындары үшін бұл тамаша сый болды.
«Қазақтелеком» АҚ аудандық филиалы берген мәліметке сүйенсек байланыс операторлары барлық базалық станцияларын орнатқаннан кейін тұрғындар жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігіне қол жеткізеді.