Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап жастар саясаты еліміздің басты басымдықтарының біріне айналған. «Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында: Қазақстандықтар – жасампаз және жас ұлт: республиканың әрбір екінші тұрғыны 30 жасқа толмаған жастар. Қазақстанның болашағы Қазақстан жастарының даму деңгейімен, олардың қоғамға ықпалдасуымен байланысты, болашақтың негізі бүгін қаланады делінген.
Келешегіміз кемелді болсын десек, ел жастарының сапалы білім алуын қамтамасыз етуіміз керек. Осы бағытта мемлекет тарапынан жүйелі жобалар атқарылуда. Жастардың сапалы білім алуы елдегі түрлі бағдарламар аясында іске асырылуда. Солардың бірі — «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» — «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы.
Күнгей жұртын теріскейге алдыртып, сондағы тіршілік қазанын қайнатуды көздеген жобаны – өңірлердің дамуына айрықша серпін берген жоба деп санаймыз. Себебі, еліміздің оңтүстік өңірлерінің жастары, өндіріс орындары дамыған, жұмысшы күшіне қажеттілік қалыптасып отырған Қазақстанның Солтүстік өңірлерінің жоғарғы оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тегін білім алып, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік алды.
«Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» — «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бүгінде еліміздегі ең танымал әлеуметтік жобалардың бірі. Жоба аясында еліміздің оңтүстік өңірлерінің, атап айтқанда: Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облысы, Алматы облыстарының жастары, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды өңірлерінің жоғарғы оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тегін білім алып, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндіктері бар.
«Серпін» индустриалды-инновациялық жобаларға мамандарды даярлап, жұмыс күші мол аймақтардағы жастарға сұранысқа ие кәсіби білім беруді ұйымдастырады; жұмыс күші мол аймақтардағы жастарды жұмыс күші тапшы аймақтардағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқуға тартады. Екіншіден, техникалық және кәсіптік білім берудің беделін арттырып, жастардың жұмысшы мамандықтар алуға деген оң көзқарасын қалыптастырады. Үшіншіден, жастардың әлеуеттік және жұмыссыздық мәселелерін шешеді.
Жоба биыл 7-ші жыл жүзеге асырылғалы отыр. Бүгінде бағдарлама аясында облысымыздың мыңдаған жастары білім алуда. Жыл сайын жобаға қатысатын оқу орындарының желісі де артып келеді. Жоба бастау алған жылы, яғни, 2014 жылы 7 жоғарғы оқу орны және 25 колледж қатысқан болса, 2016 жылы 30 колледж және 22 жоғарғы оқу орны қатысты. 2018 және 2019 жылдары жобаға қатысқан оқу орындарының саны 25 колледж және 24 жоғары оқу орнын құрады.
«Серпін» жобасы жүзеге асырылғалы бері Жамбыл облысынан 1502 білімгер бұл жобаның пайдалы тұстарына куә болды. 1271 студент жоғарғы оқу орындарын таңдаса, қалған 231-і колледждерде педагогикалық, техникалық, технологиялық, ауылшаруашылығы, медициналық мамандықтар бойынша білім алуда.
Жоба аясында жоғарғы оқу орындарына түскен білімгерлер шәкіртақымен, өңірлерге бір рет барып-қайту жолақысымен және жатақханамен, колледжге түскен білімгерлерге аталған жеңілдіктерге қосымша үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі.
Жоғары оқу орнына түсу үшін түлектер ҰБТ немесе кешенді тестлеуге қатысуы тиіс. ҰБТ мен кешенді тестілеуден кем дегенде 50 ұпай жинау керек. Бұл төменгі шектік деңгей. Бұл шарт жоғары оқу орындарына түскісі келетіндерге ғана қатысты. Ал, колледждер үшін мұндай шарт жоқ. Дегенмен, колледждерге де қабылдау емтиханы болады. Колледждерге жоғары оқу орындарына түсе алмаған және 2-3 жыл бұрын оқу бітіріп, грант иегері атана алмаған , ақылы бөлім бітірген азаматтар осы арнаулы орта оқу орындарын таңдауларына болады. Сонымен бірге, жобаға қатысқысы келетіндердің жасына шектеу қойылмайды.
Биыл «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» — «Серпін-2050» әлеуметтік жобасына Қазақстан бойынша 5116 грант бөлініп отыр. Оның ішінде: педагогикалық мамандықтарға-1286 грант, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар-1500 грант, инженерлік, өндірістік және құрылыс салалары бойынша-2000 грант, ауыл шаруашылығы және биоресурстар бойынша -330 грант қарастырылған.
Әлеуметтік жобаны іске асыру Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» стратегиясындағы алға қойылған міндеттердің бірі. «Серпіннен» бітірген жастардың кемі 50 пайызы сол өңірлерде қалса, үміттің ақталғаны деп білеміз.
Жамбыл облысы әкімдігі
білім басқармасы басшысының орынбасары
Жамалов Т.С.