Облыс әкімі Президентке коронавируспен күрес жөніндегі шаралардың іске асу барысын баяндады

0 0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев телефонмен сөйлесіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы және Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады, — деп жазады “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Ағымдағы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері өткен жылғы сәйкес кезеніңдегі деңгейден төмен болмайды деп күтілуде. Атап айтқанда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларында және инвестиция тартуда өсім болжануда. 25 мыңға жуық жаңа жұмыс орны, оның ішінде 15,6 мың тұрақты жұмыс орны құрылған.

Егін жинау жұмыстары кесте бойынша жүргізілуде. Ауылшаруашылық дақылдарының барлық түрлерінің егістік алқабы 715 мың га құраған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27,9 мың гаектарға артық.

Облыстың 149 мыңға жуық тұрғыны жалпы сомасы 6,3 млрд. теңгеге 42 500 теңге көлемінде төлемдер алды. Барлығы 159 мың өтініш мақұлданған.

Сондай-ақ, облыс әкімі COVID-19-бен күресу шаралары туралы хабарлады. Бүгінгі таңда өңірде 3,339 коронавирус ауруы тіркелген, оның ішінде 1915-і симптомсыз. 1453 науқас сауығып шығып, дәрігерлердің бақылауына алынды.

COVID-19 индикаторлары бойынша аралық рейтингке сәйкес, Жамбыл облысы алдыңғылардың қатарында. Атап айтсақ, 18 индикатордың 16-сына қол жеткізілген, біреуі іске асырылуда.

Стационарлар 1780 төсек-орынмен жабдықталған, олардың бүгінгі жүктемесі 47 пайызды құрайды. Қосымша 830 төсек-орын дайындалған десек, оның ішінде Т.Рысқұлов ауданының туберкулез ауруханасы базасы да бар. Барлығы 1679 медицина қызметкері жұмылдырылған, қосымша 282 маман, оның ішінде медициналық жоғары оқу орындарының түлектері тартылды. 2585 медицина қызметкеріне жалпы сомасы 1 млрд. 111 млн. теңгеге үстемеақы төленген.

Медициналық мекемелерге қосымша, оның ішінде бюджеттен тыс қаражат есебінен 44 ӨЖЖ аппараты және 287 оттегі концентраторы сатып алынды. 82 мың ПТР сараптамасы жүргізілді. Жедел жәрдем бригадаларының саны 68-ден 92-ге дейін артса, шілде айының ортасынан бастап түскен қоңыраулар санының 35 пайызға төмендеуі байқалады.

Медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектер сатып алуға демеушілерден 570 миллион теңге жиналды. Жалпы алғанда, коронавирус пандемиясымен күреске бюджеттен барлығы 3,2 миллиард теңге қарастырылды.

Жамбыл облысындағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты, деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Телефон арқылы сөйлесу соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.