Жамбыл жерінде былтырдан бері тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру жобасы жүзеге асып жатқандығы белгілі. Облыстың он ауданындағы он бір ауылды қамтыған бірегей бағдарлама аясында ауылшаруашылығы кооперативтері құрылып, бүгінде табысты еңбек етуде. Ал, күні кеше Нұр-Сұлтан қаласында өткен жәрмеңкеде сол пилоттық жоба бойынша құрылған кооперативтердің өнімдері сатылды, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Нұр-Сұлтан қаласында өткен жәрменкеге Жамбылдан 90- шаруа қожалықтың жетекшісі барды. Олардың ішінде тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру жобасы жүзеге асып жатқан барлық ауылдардың шаруалары бар. Олар өнімді жинап, еш делдалсыз, тегін көлікпен бас қалаға жеткізген. Мәселен: Мұнда Мойынқұм ауданындағы «Айдарлы-Агро», Талас ауданындағы «Үшарал», Жуалы ауданындағы кооперативтердің бау-бақша, жеміс жидек өнімдерін көруге болады.
— «Өнімдерін сатамын» дегендердің бәріне рұқсат берілді. Олардың қатарында өңіріміздегі жобаға қатысып жатқандар да бар. Былтыр ол жобаға 11 ауылдық округ енген болатын. Қазір қызу сауда-саттық жүріп жатыр,-деді облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев.
Елордада өтетін жәрмеңкеге өнімдерді жеткізу үшін 30 дан аса көлік жұмылдырылған. Арнайы сөрелерге қауын-қарбыз бен жеміс- жидектер, ауылшаруашлық өнімдері қойылды. Оның үстіне Жамбылдан барған өнімдердің дәмі тіл үйіреді дейді тұрғындар. Нұр-Сұлтан қаласына екі жүк көлікпен барған Тұрар Рысқұлов ауданының Құмарық ауылындағы «Құмарық-тау» кооперативі айналдырған бір-екі сағаттың ішінде барлық өнімдерді сатып үлгерді. Бұл ауыл да Жамбыл облысындағы пилоттық жобаға енген елді мекендердің бірі болатын.
— Жәрмеңкеге қатысу үшін арнайы Құмарық ауылынан келдік. Үкіметтің қолдауының арқасында ауылымыз пилоттық жобаға еніп, әлеуметтің әлеуеті көтеріліп жатыр. Көктемде барлық отбасы өз аулаларына көкөніс пен егін екті. Соның нәтижесінде бүгін астана төрінде біздің де өнімдеріміз саудаланып жатыр. Тұрғындарға қажетті барлық өнімдер жеткізілді,-дейді Құмарық ауылдық округінің әкімі Болат Мансұр.
Пилоттық жоба – іс жүзінде. Шаруалар үшін өнімді өткеруге бүгінде еш кедергі жоқ. Себебі, оның түрлі жолдары қарастырылған дейді сала мамандары.