Жамбыл облысы аумағында 13 мешіттің құрылысы жүргізілуде. Бұл туралы «ӨКҚ» алаңында өткен брифингте Жамбыл облысы әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров айтты деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Салынып жатқан және ашылып жатқан мешіттер негізінен мешіті жоқ елді-мекендерде соғылуда.
Қазірде өңірде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 312 мешіт пен христиандық бағыттағы 46 шіркеу(8 православтық, 1 католиктік, 37 протестанттық және т.б.) мемлекеттік тіркеуден өткен. Жалпы саны – 358 діни бірлестік.
Спикердің айтуынша, мемлекеттік тіркеуден өткен миссионерлердің саны төртеу екен. Олардың ішінде, Оңтүстік Кореядан – 3, Италиядан — 1 азамат бар. Аталған миссионерлермен дін саласында құқықбұзушылық фактілер орын алмаған.
— Діни іс-шараларды ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде өткізуге арналған 42 үй-жай, оның ішінде 40 исламдық намазхана мен 2 христиандық құлшылық үйі қызмет етуде. Есепті кезеңде, ғибадат үйлерінен тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізуге арналған үй-жайлар тіркелген жоқ, — дейді Жангелді Жайлауұлы.
Рухани (діни) білім беру ұйымдары қатарында облыстық «Һибатулла Тарази» медресе-колледжі жұмыс атқарады. Онда бүгінде 61 шәкірті білім алуда. Аталған мекеме ағымдағы жылдың маусым айында медресе-колледж статусын алды.
Сондай-ақ, өңірдегі 312 мешіттің ішінде 22 мешітте ресми бекітілген имамдар жоқ. Жалпы, өңірде арнайы бұйрықпен 400 діни қызметкер (304 имам/молда, 37 наиб имам, 31 азаншы, 28 ұстаз) қызмет атқаруда. Оның ішінде, жоғары білімді имамдар 24,5% (98 діни қызметкер), орта білімділері 14,8% (59 діни қызметкер) 60,7% (243 діни қызметкер) сауат ашу курстарын бітіргендер.
Спикердің сөзіне сенсек, облыстағы мешіттердің жалпы сыйымдылығы 54090 адамға шақталған. Мешіттердің санымен қатар, мешітке келуші азаматтар санының да өсуі байқалуда.
— Бүгінде облыс бойынша мешіттерде жұма намазға келуші жамағаттың саны 37 мыңнан астам адам, 2018 жылы бұл көрсеткіш 35 мың шамасында болған. Ал, күнделікті мешітке келушілердің саны 6 мыңға жуық адамды құрайды. Ал, Христиан бағытындағы шіркеулерге (Рождество, Пасха, Конгресс) келушілердің саны 3800 адам шамасында болса, күнделікті шіркеулерге 800-ге жуық адам келеді, — деді ол.