Сарысу аудандық орталық аурухананың жұқпалы аурулар емделетін бөлімшесінің құрылысы аяқталды. Жалпы құны 308 млн. теңге құрайтын нысан құрылысы ағымдағы жылдың 12 мамырында басталып, мерзімінен бұрын аяқталып отыр, деп жазады «ZhambylNews» ақпарат агенттігі.
1986 жылдан бері жаңарту көрмеген нысан бүгінде барлық стандарттарға сай жасақталған. Мердігер «Райша-3» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазынадан қаралған қаражатты толықтай игеріп ғана қоймай, өз есебінен де қосымша жұмыстар жасап беруде. Мәселен жоба бойынша серіктестік тек ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізуге жауапты болған. Бірақ, сыртын жаңартып, ауласын абаттандырып беріп отыр.
Сондай-ақ, құрылыс кезінде 54 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы тартылып, оларға 85 мың теңгеден тұрақты айлық жалақы төленген.
Бұл медициналық мекемеде әрбір науқас ауруханаға кіреберіс есіктен емес, өзінің бөлмесіне жасалған қосымша есік арқылы кіредң. Ал әр бөлмеде жуынуға және ас ішуге арналған орындар арнайы әзірленген. Тіпті науқастарға тамақ та стандартқа сай дайындалған терезе арқылы беріледі. Бір сөзбен айтқанда мұнда сақтық шаралары барынша күшейтілген.
— Нысан құрылысы мерзімінен бір ай бұрын аяқталды. Барлық 14 медициналық боксқа кисларод жүргізілген. Қазірде бізде 39 ауа концентраторы, 9 ИВЛ апараты, пульсоксиметр барлық керекті құрал-жабдықтар бар. Сондай-ақ, мамандар жеткілікті, 51 қосалқы медициналық қызметкер бар, — дейді Сарысу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Бағила Бегманова.
Ғимараттың бірінші қабаты қызыл аймақ — коронавируспен ауырған емделушілерді қабылдаса, екінші қабатта жасыл аймақ — мұнда инфекциялық буын ауруларымен ауырған науқастар жатады. Қазіргі таңда мұнда 50 адамға жатын орын дайындалған. Коронавирус пандемиясының екінші толқынына сақадай сай дайын. Сондай-ақ, екі айлық дәрі-дәрімек қоры жасақталған.
Айта кетейік, нысан желтоқсан айында пайдалануға берілетін болады.