Жамбылдық 2 оқушы республикалық олимпиаданың жеңімпазы атанды, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жобасындағы ұлттық бірегейлікті сақтау идеясын жүзеге асыру мақсатында 23-24 қаңтар күндері жалпы білім беру ұйымдарының 9-11 сынып оқушылары арасында қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық ІІІ «Абайтану» онлайн олимпиадасы өтті.
Олимпиада екі айналымда өтті. Бірінші айналымда қа¬тысушы Абай қара сөздері мен поэзиясы негізінде дайындалған тақырыптардың біріне эссе жазса, екінші айналымда қатысушы М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан берілген үзіндінің қай тарау, бөлімнен алынғанын айтып, мазмұнын жалғастырды және роман мазмұнынан «сократтық» сұрақтар беріліп, логикалық деңгейі тексерілді.
Білім сайысының нәтижесінде Жамбыл облысынан сайысқа түскен Жамбыл ауданындағы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы Гүлзат Сауран ІІ жүлделі орынды, Т.Рысқұлов ауданындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Қарақат Құрманхан III орынды жеңіп алды.
Ал Байзақ ауданындағы Сарыкемер мектеп-гимназияның 9 сынып оқушысы Айдана Есенәлі, Т.Рысқұлов ауданындағы Абай орта мектебінің 10 сынып оқушысы Әліби Жұмабек, Тараз қаласындағы Дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы Томирис Мұхаметқұл, Байзақ ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияның 11 сынып оқушысы Данияр Досмағанбет Алғыс хатпен марапатталды.