Облыс бойынша 18-64 жастағы 659 722 тұрғын бар. Оның ішінде қарсы көрсеткіштер мен бас тартуларды ескере отырып вакцинациялауға 593 700 адам жатады. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев мәлімдеді, — деп жазады “ZhambylNews” AA.
— Ақпан айында бірінші партиямен ресейлік «Спутник V» вакцинасымен 5000 тұрғынды, наурыз-маусым айлары аралығында 95 000 тұрғынды вакцинациялау жоспарлануда. Қалған 493 700 облыс тұрғындарын отандық вакцинамен вакцинациялау жоспарлануда. Вакцинаны енгізу үшін көлемі 0,5 мл өздігінен бекітілетін шприцтердің 1 187 400 данасы қажет, — деді басқарма басшысы.
Айта кету керек, биыл жамбылдық тұрғындарды вакцинациялаудан өткізу үшін, қажетті көлемде вакцина мен шприцтерді алуға 2,5 млрд теңге көлемінде қаражат жұмсалады деп жоспарлануда.
Бүгінде облыс аумағында жалпы COVID-19 індетінің 5494 жағдайы тіркелді. 100 мың тұрғынға шаққанда аурушаңдылық көрсеткіші 482,5 құрады. Пневмонияның 946 жағдайы тіркелген. Бұл 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 83,1. Тіркелген жағдайлардың ішінде 2 581 науқас симптоммен, 2 913 науқас симптомсыз. Сауығып шыққан адамдар 5 101 жетті. КВИ-дан 63 өлім оқиғасы тіркеліп отыр.
Өткен тәулікте өңірде КВИ-дың 24 жағдайы тіркелді. Ал апта ішіндегі ауру көрсеткішін айтар болсақ, соңғы аптада аймақта КВИ-дың 152 жағдайы тіркелген.
Ең көп жағдайлар 4 аумақта, яғни Тараз қаласында 82, Шу ауданында 16, Жамбыл ауданында 12, Байзақ ауданында 11 жағдай тіркеліп отыр. Қалған аудандардағы жағдай қалыпты.