Сайлауалды бағдарламаны іске асырудың Жол картасы талқыланды

0 19

Жамбыл облысының әкімі, партия облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен фракциясы отырысының күнтәртібіне алғаш болып «Nur Otan» партиясының Жамбыл облысы бойынша 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың жол картасын талқылау мәселесі қойылды, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Аталған мәселе бойынша облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы  Гүлдана Жауынбекова баяндама жасады. Баяндамашы «Nur Otan» партиясының Жамбыл облысы бойынша 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасының басымдықтарына тоқталып, оның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлін сөз етті. «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» деп аталатын сайлауалды бағдарламаға сайлаушылармен түрлі форматтағы кездесулерде көтерілген мәселелердің шешу жолдары енгізілген.

Жол картасы Сайлауалды бағдарламасының 7 бағытын іске асыру бойынша 122 тармақты, 12 индикаторды  қамтиды . Онда праймериз кезіндегі жиналыстар мен сайлауалды үгіт жұмыстары барысында сайлаушылар тарапынан  түскен  1169 ұсыныс-тілектің 776-сы дәл осы сайлауалды бағдарламада ескерілді. Бағдарламадағы межелі міндеттерге қол жеткізу үшін қаражат көзі жеке инвестиция есебінен қаралған. Мұнда тұрғындардың талап-тілектерімен бірге ҚР Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туған міндеттерді де қамтылған, – деді Гүлдана Әлімжанқызы.

Жол картасын талқылау кезінде фракция мүшелері Қайрат Жетібаев пен Фарида Жүнісова жарыссөзге шығып, жол картасының маңыздылығы, оны жүзеге асырудағы фракция мүшелерінің жауапкершілігі турасында сөз сөйледі.

Фракция отырысының күнтәртібіне мұнан өзге «Nur Otan» партиясының Жамбыл облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясы жетекшісінің орынбасарын сайлау, төралқа құрамын және фракцияның 2021 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту мәселелері де қойылды. Аталған мәселелер бойынша «Nur Otan» партиясының Жамбыл облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясы жетекшісі Мұқаш Ескендіров хабарлама жасады.

Фракция отырысының қорытындысында депутаттарды ортақ шешімімен жол картасы бекіту үшін «Nur Otan» партиясы  Жамбыл облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросы отырысына жолданды.


Басқосуды қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев
«Nur Otan» партиясының Жамбыл облысы бойынша 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың жол картасына қолдау білдіргені үшін фракция мүшелеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ өз сөзінде өңір басшысы талқылауда депутаттар тарапынан көтерілген орынды ұсыныстарды ескеріп, оны бағдарламаға қосу мүмкіндіктерін қарастыру керектігін айтты.

Мұнан бөлек партияның сайлауалды бағдарламасын іске асырудың жол картасын орындауда партияның әрбір мүшесінің жауапты екенін ескертті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.