Жамбылда тоқсан сайын аймақтың тілдік ахуалы зерделенеді. Бұл мақсатта аймақтағы атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына мониторинг жасалады. Былтыр мемлекеттік органдардағы қазақ тіліндегі шығыс құжаттарының үлес салмағы – 99,2% құраған. Алайда, өңірдегі банк жүйесі мен құқық қорғау органдарында іс құжаттарының басым бөлігі орыс тілінде жүргізіледі. Бұл туралы ӨКҚ ақпарат алаңында облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова айтты, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Спикердің айтуынша, жамбылдық тұрғындардың тілдік ахуалына өткен жылы әлеуметтік сауалнама жүргізілген. Нәтижесінде, мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі 91,9% көрсеткен. Ал 70,5% үлесті мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін, оқитын және жазатындар құраған. Орыс тілін меңгерген тұрғындардың үлесі 93,5%.
Сондай-ақ, ағылшын тілін білетін тұрғындар үлесі 27,7%. Үш тілді меңгерген тұрғындар үлесі – 27,8%, мемлекеттік тіл нормаларына сәйкес келетін көрнекі ақпаратты қамту дәрежесі – 76%-ті құраған.
Былтыр Жамбыл облысында тіл саясатын жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 157 млн.теңгеден астам қаржы бөлінген.
Былтыр мемлекеттік тілді меңгерген мемлекеттік қызметшілердің үлесі 48%-ды құрап, 28%-ке артқан. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсететін ұйым қызметкерлері 62,2%-ды құрап, 26,7%-ға артқан.
Былтыр үш тілді оқыту бойынша барлығы 3512 тыңдаушы тегін оқу курстарына жіберілген. Мемлекеттік тілді оқытудан 2385 тыңдаушы курстан өтсе, оның ішінде 93,8%-і өзге ұлт (2239) өкілдері.
Айта кету керек, аймақта этностардың ана тілдерін оқыту да жолға қойылған. Осы бағыттағы оқыту бойынша былтыр барлығы 142 адам қамтылыпты. Оның ішінде 36-і әзірбайжан, 60 дүнген, 19 күрді, 16 балқар мен 12 қырғыз бар. Ал қазақ тілін тілдесу арқылы меңгерту, қазақ тілінде ойын еркін жеткізе білуге жақсы жағдай жасалған. Бұл ретте TedX форматында жүргізілетін барлық ауданда «SÓILE» клубтары құрылған. Жыл ішінде «SOILE» клубының 97 отырысы өткен. Нәтижесінде, 1600-ден аса өзге ұлт өкілі мемлекеттік тілде еркін сөйлеуге үйрететін тілдік ортаға тартылыпты.